«Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының XX маусымдық жұмыстары бастау алды

«Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының XX маусымдық жұмыстары бастау алды

Жетісу облысында «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының ХХ жұмыс маусымының салтанатты ашылуы өтті.

Жастарды маусымдық жұмыспен қамту, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының XX маусымдық жұмыстарының ашылу салтанатына арнайы Астана қаласынан Қазақстан Жастар конгресінің атқарушы директоры Бақдаулет Болатұлы Жанділдаев, Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директорының орынбасары Айбек Аяпбергенұлы Досымбетов, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы директорының орынбасары Балнұр Өтегенқызы және Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы Ұлан Аманқазыұлы Наукен қатысты.

Ашылу салтанаты еліміздің басты туристік орындарының бірі Алакөл көлінің жағалауында ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның осы жерде өткізілуінің бір өзіндік мәні бар. Себебі жыл сайын шетелден және еліміздің түпкір-түпкірінен 2 млн-ға жуық қонақтар келеді. Осыған орай, 150-ден астам жасыл ел сарбаздары, волонтерлер, республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары 7км-ге жуық жағалауды қоқыстан тазалап, арнайы қоқыс тастайтын контейнерлерімен екертпе тақтайшалар орнатты. Осылайша жастарымыз Алакөл көлінің туристерді қабылдауына, маусымының ашылуына үлес қосып, демалушыларға тазалықты сақтау және табиғатты аялау керектігі бойынша үлгісін көрсетті.

Бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасақтары айналаны көгалдандыруға, облыс, қала, аудан, ауыл маңдары көшелерін тазартуға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға, жалпы еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосып жатыр.

Еңбек маусымының ашылуы – жастар асыға күтетін ең маңызды іс-шараның бірі екендігін атап өткіміз келеді.