Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Жетісу облысында болды

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Жетісу облысында болды

Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев алдымен Көксу ауданында болып, аудан ардагерлерімен, дін қызметкерлерімен және жастармен кездесті.

Ең әуелі Мәлік Нұржанұлы көксулық ардагерлермен кездесіп, Ұлттық құрылтай жайында әңгіме өрбітті. Қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды. Мәлік Нұржанұлы ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі салада еңбек етіп, үлгі-өнеге болып жүрген ардагерлер қауымына алғысын жеткізіп, Мемлекет басшысының ауқымды реформалары және Ұлттық құрылтайдағы жан-жақты идеялары мен бастамалары туралы да сөз қозғады. Ол Президент бастамаларының қоғамға қозғау салып жатқандығын атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген Жалпыұлттық құрылтайда көтерілген мәселенің барлығы да еліміздің ертеңіне бағытталды.  Экономика, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту, жастар тәрбиесі, олардың бүгінгі беталысы сынды тақырыптар Мемлекет басшысының Құрылтайда сөйлеген сөзінде басты назарында болды. Сондықтан да біз бәріміз бірге жаңа Қазақстанның дамуы жолында бірігіп еңбек етуіміз керек. Дәл қазір еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апаттар орын алуда. Осы тұста бәріміз қиындықты бірлесіп еңсерудеміз. Бұл біздің елдігімізді, бірлігімізді аңғартады, – деген Мәлік Нұржанұлы көпшілікті бірлікке, татулыққа шақырды.

Аудан ақсақалдары атынан Жомартқали Жексембинов, Наурыз Қылышбаев ізгі тілектерін білдірді.

Мәлік Отарбаев ауданның дін қызметкерлерімен кездесіп, мешітке келген жамағаттың діни білімдерін арттыру туралы ұсыныс тарын жеткізді. Сонымен қатар мешіт бұрышындағы кітап сөрелеріне қазақтың зиялы қауымының шығармалары да қойылса деген ниетін білдірді. Деструктивті діни ағымдардың алдын алу үшін дін қызметкерлері қоғаммен белсене араласуы қажет екенін тілге тиек етті.

Ауданның мәдениет үйінде жастармен ашық диалог құрған Мәлік Отарбаев заман талабына сай жастарға білімдерін шыңдауға, ақпараттық сауаттылықты арттыруға кеңес берді. Әсіресе, жастарды кітап, газет-журнал оқуға шақырды. Заман талабынан туындаған қажеттіліктер мен ұлттық құндылықтың басымдығы, жаһанданудың ықпалы мен ұлттық тәрбиенің өзегін ажыратудың маңыздылығы, дұрыс әрі құнды мақсат қоюдың жастарды кәсіби тұрғыдан өсіретінін жеткізді. Әр адамның басты бағдаршамы кітап болу керектігін баса айтқан Президент кеңесшісі елімізде өткізіліп жатқан саяси науқанға еліміздің жастары да өз үлестерін қосу керектігін тілге тиек етті.

Көксулық белсенді жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Көксу ауданынан соң Мәлік Отарбаев Текелі қаласындағы жастармен де кездесті. Текелі қалалық жастар орталығында шымылдығын түрген жиында қос тарап қоғамдық құндылық, қазақы тәлім мен тәрбие, ұлттық кеңістік турасындағы әңгімелердің тиегін ағытты.

Сол сияқты ресми өкіл Жетісу облысына іссапары барысында Талдықорғандағы бірқатар мекемелерді аралап, олардың бүгінгі жай-күйімен танысты. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлерімен кездесіп,  ондағы шахмат, дойбы, үстел теннисі ойындарын, йога сабағын, қазақ тілі, тоқу және тігін курстарын, жаттығу залын көріп, қариялармен пікірлесті. Сонымен қатар вокалмен айналысатын зейнеткерлердің өнерін тамашалап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді. Президент кеңесшісі өз сөзінде судан зардап шеккен өңірлерге қол ұшын созып көмегін тигізген жетісулықтарға алғыс айтып, кездесуге қатысушыларға зор денсаулық, ұзақ өмір, сәттілік тіледі.

Содан кейін шаһардағы №27 орта мектеп-гимназиясының оқушыларымен жолыққан Мәлік Отарбаев білімгерлерге «Әдеп – құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы аясында дәріс оқыды. Ол жеткіншектерге ең бірінші мақсат мансап қуу емес, толыққанды адам болу керек екенін айтып, өз өмір жолынан сыр шертті. Белгілі бір биікке жету үшін кітап оқу керектігін, көркем әдебиеттің адамға берер пайдасы мол болатындығын ұғындырыды.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Жетісу жастары» КММ ғимаратында еріктілер мен менторлардың, it HUB қызметімен танысты. Ондағы мамандардың істеп жатқан істерінің орасан екенін, еріктілердің су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсетуде аянып қалып жатпағанынан хабардар екенін айтып өтті.

 

«Жетісу» газетінің материалдарынан алынды.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев