Жаныңда жүр жақсы адам

Жаныңда жүр жақсы адам

Алғыс айту күніне орай   

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының  керемет дана сөзі әр адамның ойында жүретіні белгілі. Сондай-ақ,  ұлы  ойшыл  Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін де естен  шығармаған жөн. 

Ұрпақ тәрбиелеуде білім саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымыз қаншама. Сондай ұстаздардың бірі Сарқан қаласының тұрғыны, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Жұлдыз Мамраеваны ерекше айтқым келеді. Еңбек жолын осы аталған мектептен бастаған Жұлдыз Амантайқызы ең алғаш тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, одан кейін директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметінде еңбек етіп келеді. Дана Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқанындай, оқушыларын ҰБТ-ға дайындауда да еңбегі зор. Себебі, тәрбиелеген шәкірттері бүгінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі атануда. Сонымен қатар жас  мамандарға үнемі ұстаздық біліктілік қағидаттарын үйретіп, меңгертіп, өз мамандағын шексіз сүюге деген құлшыныстарын арттырып келеді. Сондай-ақ, шәкірттерін кітап оқу мәдениетіне де баулып жатқаны оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі деп білемін. 

Оқушылардың оқу сауаттылығы мен кітап мәдениетін қалыптастыруда мұғалімдердің ықпалы зор екені айтпасақ та белгілі. Осы тұрғыда «Оқуға құштар мектеп» жобасына үлес қосу және оқушылар мен мұғалімдер арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында А. Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясы мекемесі республика көлемінде өтетін «Үздік оқырман» мұғалімдер байқауын жариялаған. Осы байқауда Жұлдыз Амантайқызы топ жарып, жүлделі 3-ші орынды иеленді. 2024 жылғы 27 қаңтарда  байқау нәтижесі бойынша жүлдегер атанған  ұстазымыз Астана қаласына шақыртылып, арнайы Алғыс хатпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бұл үлкен еңбекпен және кітап оқуға деген құштарлықпен келген жетістік!

«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұлағатты ұстаз байқауға қатысып қана қоймай, бүгінгі таңда өз шәкірттерін де кітап оқуға жетелеп, түрлі сайыстарға қатыстыра отырып, адам рухани азықты кітап әлемінен алатынын насихаттауда.  

Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің

көркем еңбек пәнінің мұғалімі

Жанар БАЙСЕИТОВА,

Сарқан қаласы

 

"Жетісу" газеті