«Мемлекеттік тіл: кәсіпкерлік нысанда» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

«Мемлекеттік тіл: кәсіпкерлік нысанда» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

2024 жылғы 22 ақпанда Тіл сарайында Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл: кәсіпкерлік нысанда» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты: кәсіпкерлік саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының талаптарын түсіндіру және көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру.

Дөңгелек үстел отырысына Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер, сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметшілері, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлік нысан иелері қатысты.

Шара барысында мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның кәсіпкерлік саласында қолданыс аясын кеңейту мәселесі талқыланып, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін орналастыру туралы заңнама талаптары түсіндірілді.

Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Ж. Нұршанова, Жетісу облысы кәсіпкерлік палатасы Кәсіпкерлердің құықығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімінің сарапшысы М. Қамбаров, қоғам белсендісі  Е. Ешмұхамбетов сөз сөйлеп, өз пікірлерімен бөлісті.

 Қатысушыларға әдістемелік көмек көрсетіліп, ақпараттық-түсіндірме парақшалар таратылды.