
Талдықорған қаласындағы Достық үйінің 15 жылдығына арналған кешенді шаралар 27-28 қараша күндері өткізілді. Алдымен «Әділетті Қазақстан - жастардың таңдауы» тақырыбында жастар сессиясы жастардың Республика, облыс, қала, аудан көлеміндегі қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар жыл бойы жүзеге асырылған іс-шаралар және алдағы уақыттағы тың идеялары мен пікірлерін талдау, іс-тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.
«Ортақ шаңырақ» жобасы аясында «Ұлттық киім – ұлттың көркі» акциясымен жалғасып, халық өнері мен мұрасын, дәстүрлі дүниетанымын дәріптейтін қазақ, орыс, ұйғыр, корей, татар, неміс, шешен-ингуш, украин, өзбек, әзербайжан, түрік, поляк, болгар, дүнген, еврей, грек және белорус этностарының ұлттық киімдері және көрме тамашаланды.
Келесі күні «Бейбітшілік пен келісім – қазақстандық қоғамның ең жоғары құндылықтары» тақырыбында ғылыми – практикалық конференция өтті. Спикерлер, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілхановтың бейнеқұттықтауында, облыс әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Ғ.Тұрсынбайдың, қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, Халықаралық информатизация академиясының академигі Н.Калашникованың, «Облыстық қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлері орталығының» мүшесі С.Сұрабалдинованың баяндамаларында Ассамблеяның, оның ішінде Достық үйінің дамуы, мақсаттары, міндеттері мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы толыққанды мағлұматтар берілді.
Іс-шараларға облыстық және аудан, қалалық әкімдіктердің, республикалық және облыстық қоғамдық бірлестіктердің басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым, Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағалары мен белсенділері қатысты.
Іс–шара Алматы қаласындағы республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының «Казахстан – территория мира и дружбы» театрландырылған қойылымымен аяқталды.