Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы-2023» жастар сыйлығына құжат қабылдау жүріп жатыр

Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы-2023» жастар сыйлығына құжат қабылдау жүріп жатыр
Жетісу өңірінде ең креативті, бастамашыл және дарынды жастар таңдалмақ. Облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы-2023» сыйлығына іріктеу және ұсыну бойынша өтініштер қабылдау мерзімі қараша айының 20-сынан басталды.
 
Қатысу шарттары мен ережелерін Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев пен «Жетісу жастары» КММ директорының орынбасары Жансая Смағұлова баяндады.
Байқауда 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды белсенділікті ынталандыруға басты назар аударылады. Бір жыл ішінде жастар саясатына елеулі үлес қосып, белгілі бір жетістіктерді бағындыра алған, өз үлгісімен озық шыққан жастар анықталады. Құжаттар белгіленген ережелерге сәйкес 3 желтоқсанға дейін қабылданады.

«Биыл «Үздік жас қоғам қайраткері», «Үздік жас спортшы», «Үздік студент», «Үздік оқушы», «Білім және ғылым саласындағы үздік жас көшбасшы», «Үздік жас отбасы», «Үздік жас кәсіпкер», «Мәдениет саласындағы үздік жас көшбасшы», «Медицина саласындағы үздік жас көшбасшы» және «Үздік жас журналист» номинациялары бойынша мықты жастар анықталады. Номинация жеңімпазы болу үшін үміткерлер көрсетілген салаларда жетістікке жетуі керек. Сондай-ақ облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары болуы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан болуы абзал. Үміткер сыйлыққа ұсынылу үшін ол белсенді, білімді, креативті ойлайтын, бір сөзбен айтқанда, нағыз көшбасшы болуы керек. Қатысушылар қазіргі уақытта Жетісу өңірінде тұрып, жұмыс істеуге немесе оқуға міндетті», - деді Ілияс Түстікбаев.

«Жетісу жастары» КММ директорының орынбасары Жансая Смағұлова да биылғы жылдың басты ерекшеліктері номинациялар барлық саланы қамтитынын, кейбіреулері біріктіріліп, жаңартылғанын мәлімдеді.
 
Мысалы, «Үздік жас қоғам белсендісі» аталымы бойынша жас саясаткерлер, жас мемлекеттік қызметшілер, волонтерлар және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері бақ сынай алады. Сонымен қатар «Мәдениет саласындағы үздік жас көшбасшы» номинациясы жас өнерпаздар мен ақын-жазушыларды қамтиды. «Жас ұстаз» және «Жас ғалым» номинациялары біріктірілді, яғни біздің ұстаздарымыз, магистрлеріміз, дәрігерлеріміз «Білім және ғылым саласындағы үздік жас көшбасшы» аталымы үшін бақ сынасады.
 
Тағы бір жаңалық, биылғы жылы әр номинацияның жеңімпазы белгілі көлемінде ақшалай сыйақы алады.
 
Комиссия құрамына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Қатысушылар тек облыстық деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де комиссия мүшелерінің сынынан өтеді.
 
Айта кету керек, өтінім құжаттары баспа түрінде де, электронды түрде де ұсынылуы тиіс.
 
Атап өтсек, өтінімдерді қабылдау мекенжайы: 040000, Талдықорған қаласы, Д. Қонаев көшесі, 47 (204 кабинет).
 
Байланыс телефоны: 8 747 928 00 91 Ұ. Хангел.