
Жетісудың ауылдарында бір күнде бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылды. Солардың қатарында екі мәдениет үйі, медициналық пункт және спорт алаңы бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақсу ауданы Алтынарық ауылында бір ауысымда жаңа медициналық пункт, ал Ақсу ауылында күрделі жөндеуден кейін мәдениет үйі пайдалануға берілді.
«Мемлекет қолдауының арқасында ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де заманауи әлеуметтік нысандар жаңадан салынып, қолданыстағылары жаңғыртылуда. Бүгін біз жаңа медициналық пункт ашып отырмыз. Бұған дейінгі медпункт бейімделген ғимаратта еді, тиісті талапқа сай емес күйде тұрғанына біраз уақыт болған. Жуық арада Ойтоған, Молалы, Кеңғарын ауылдарында да жаңа, заманауи блокты-модульдік медициналық пункттер іске қосылып, халықтың игілігіне жұмыс істейтін болады», - деді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Күләйхан Дәулетбекова медициналық мекеменің ашылуында сөйлеген сөзінде.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, нысанның құрылысы өткен жылдың шілде айында басталған. Оған 120,6 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Ғимараттың жалпы ауданы - 213,74 шаршы метр. Медициналық пункт бір ауысымда 10 адам қабылдай алады. Мұнда жедел медициналық көмек көрсету, емдеу-алдын алу қызметі, жүкті әйелдерді бақылау, вакцинация, скрининг жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалған.
Ақсу ауылындағы мәдениет үйі де күрделі жөндеуден кейін есігін айқара ашты. Жаңартылған мәдениет үйінде қазір кітапхана, 180 орындық көрермен залы, үйірме сабақтарына арналған қажетті құралдармен жабдықталған кабинеттер бар.
Тағы бір жаңа нысан Қаратал ауданында ашылды. Кәлпе ауылындағы бір қабатты ғимаратта орналасқан жаңа мәдениет үйінің жалпы ауданы 739 шаршы метр. Мұнда 200 орындық акт залы мен үйірмелерге арналған 3 кабинет бар.
Ал Ескелді ауданындағы 400-ге жуық тұрғыны бар Өрқусақ ауылының тұрғындары жаңа спорт алаңының іске қосылғанына қуануда. Бұл, әсіресе, жергілікті балалар үшін ерекше жаңалық болды.
- Бұрын үнемі ескі алаңда ойнайтынбыз. Мына жаңа алаң кілем төсеп қойған сияқты жұп-жұмсақ әрі қауіпсіз екен, - деді риза кейіппен ауылдың кішкентай тұрғыны Талапбек Әнуар.
Ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов шағын футболдан балалар турниріне қатысушыларға доп мен спорттық жабдықтар сыйға тартты. Ол сондай-ақ келесі жылы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Алдабергенов ауылында спорт кешенін салу жоспарланып отырғанын айтты.
Атап өтсек, нысанның құрылысына бюджеттен шамамен 22 млн. теңге бөлінді. Алаң футбол ойнауға және воркаут-жаттығуларға арналған. Құрылыс жұмыстарын «Себор» ЖШС жүргізді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді ұсынған Жеңіс Ысқабай, Ақсу, Ескелді аудандары әкімдерінің баспасөз қызметтері.