Республика күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» паркінің алаңында Мемлекеттік Ту көтеру салтанаты өтті. Осы паркте 92 метрлік ту тұғырында Мемлекеттік Ту орнатылған. Салтанатты шараны музыкалық жағынан әскери оркестр сүйемелдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ту көтеру салтанатына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғам қайраткерлері, әскери қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар, қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында Мемлекеттік Гимн шырқалып, Мемлекеттік Ту көтерілді. Ресми бөлігінен соң әртістер мен шығармашылық ұжымдар патриоттық әндер шырқады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай