Текелінің инфрақұрылымына қатысты мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі

Текелінің инфрақұрылымына қатысты мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі

Текелі қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Мәселен, 2020 жылы осы мақсатқа 3,1 млрд. теңге, 2021 жылы 2,9 млрд. теңге бөлінсе, 2022-2023 жылдары инфрақұрылымды жақсартуға, әлеуметтік нысандарды салуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен моноқалаға 12,7 млрд. теңге бөлінген. Қабылданған шаралардың арқасында қараша айында текеліліктер сапалы ауыз суға, келесі жылы табиғи газға қол жеткізе алады, сонымен қатар апатты тұрғын үй мәселесі толығымен шешіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Текелі тұрғындарымен кезекті кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде облыс басшысы Бейбіт Исабаев баяндама жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Оның айтуынша, Жетісуда орта есеппен 17-18% экономикалық өсімге қол жеткізілді және бұл өсім соңғы 3 айда тұрақты сақталуда. Бұл - республикадағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. Экономикалық өсім аймақ халқының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, қордаланған проблемаларды оң шешуге, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Атап айтқанда, Текелі қаласының 30 мыңнан астам тұрғыны үшін аса өзекті болған сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі осы жылдың соңына дейін шешіледі. Резервуарлардан су құбыры желілерін тартуды аяқтау үшін биыл республикалық бюджеттен 894,3 млн. теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны - 994,3 млн. теңге. 2023 жылғы қарашада жоба аяқталып, тапсырылуы тиіс. «Текелі тұрғындары таза артезиан суын ішетін болады. Ұңғымалардағы су қоры кем дегенде 10 жылға жетеді. Шажа өзеніне келетін болсақ, ол сумен жабдықтаудың қосымша көзі ретінде қарастырылады. Енді кәсіпорындар артезиан суын емес, техникалық суды пайдалануы керек. Сондықтан техникалық суды нақты қай кәсіпорын қандай мақсатта пайдаланатынына талдау жасау керек, сол сияқты кәсіпорындардың техникалық суды, халықтың артезиан суын пайдалануының жылдық мөлшерін есептеу керек», - деген Б.Исабаев ТҮКШ саласына жетекшілік ететін өзінің орынбасары А.Қанағатовқа, облыстық басқармаға және жергілікті әкімдікке тапсырма берді. Сондай-ақ ауыз судың сапасын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен 3 учаскедегі 4 км су құбырын ағымдағы жөндеуге 231,4 млн. теңге бөлінгенін жеткізді. Қазіргі уақытта 3 км су құбыры желілері жөнделді, тағы 1 км жөндеу жұмыстарын қараша айының ортасына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл ретте қаланың сумен жабдықтау мен кәріз ішкі желілерінің тозуы 86%-дан асқан. Тиісінше осы мәселелерді шешуге де тиісті көңіл бөлінетін болады.

2024 жылдың 3-ші тоқсанында табиғи газ қосылады. Бүгінгі таңда қаланы газдандыру жұмыстары 42% орындалды, бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Газ тарату желілерінің жоспарланған 194,2 шақырымының 81 шақырымы салынды.

Апатты  тұрғын үйлер проблемасын шешу жұмыстары да аяқталуға жақын. Текелі қаласында барлығы 200 пәтерлік 20 апатты үй бар.

- Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Өткен жылдан бастап жалпы сомасы 937,5 млн. теңгеге 140 пәтер сатып алынды, тағы 18 пәтерді сатып алуға конкурс жарияланды. Жалпы, қалған апатты үйлерден 42 пәтер иесін көшіру мәселесін 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр, - деді облыс әкімі.

Жалпы тұрғын үй мәселесі ерекше бақылауда. Текелі қаласында 2021 жылы 80 пәтер, ал 2023 жылы 62 пәтер берілді. 2023-2024 жылдары 202 пәтер беріледі, соның арқасында кезектегілер саны 18%-ға азаяды. Бұл ретте салынып жатқан тұрғын үй жобаларында көпбалалы отбасыларға арналған 4 бөлмелі пәтер қарастырылғанын айта кету керек.

Сондай-ақ өткен кездесулерде талқыланған көп пәтерлі үйлердің шатырларын жөндеу мәселесі де оң шешілді. Қала әкімдігі 15 үйдің шатырын күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірледі, сараптаманың оң қорытындысы бар. Жобаның жалпы құны - 662 млн. теңге, облыстық бюджеттен биылға 100 млн. теңге бөлінді. Жұмыс басталды, биыл үш үйдің шатырын жөнделіп бітеді.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытша сақтау алаңын жою мәселесі де текеліліктерді толғандырып жүр. Бюджет қаражаты есебінен (2022 ж. – 11,2 млн. теңге, 2023 ж. - 13 млн. теңге) 2022 жылғы қарашадан бастап бүгінге дейін осы алаңнан 13 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылған. Текелі қаласы мен жақын маңдағы аудандардың аумағында полигон жоқ болғандықтан, Талдықорған қаласында қоқыс өңдеу зауыты салынғанға дейін бұл алаң уақытша сақтау орны ретінде пайдаланылатын болады. «Қазіргі кезде қытайлық компаниямен меморандум жасалды. Соған сәйкес қоқысты сұрыптайтын, терең өңдейтін, тіпті электр энергиясын өндіретін заманауи қоқыс өңдеу зауытының жобасы іске асырылады», - деді Б.Исабаев. Өңір басшысы Текелінің экологиясы үшін тағы бір өзекті мәселе – қалдық қоймасын рекультивация жасау мәселесіне де тоқталды. 2020 жылы рекультивацияға республикалық және жергілікті бюджеттерден 441,7 млн.теңге бөлінген. Алайда орындалған жұмыс көлемі жобаның жалпы көлемінің тек 25% ғана, оған басты себеп – жобада шахта суларын ағызу көзделмеген, топырақ (балшық) және құнарлы топырақ қабатының шығындары ескерілмеген. Осы жобаны бастаған инвестор компаниялар нақты ұсыныстар енгізбеген. Қала әкімі Алмас Әділдің айтуынша, қазіргі кезде тағы 2 компания осы жобаға қызығушылық танытуда, бірақ барлық мән-жайды ескере отырып, шахта суларын сүзу нұсқасын қарастырып, 2020 жылғы жобаны қайта қарап, ЖСҚ әзірлеуге өтініш беруі қажет. «Бұл мәселені шешуге кешенді түрде келу керек, жүйелі тәсіл керек. Сұрақ өте өзекті. Сондықтан қажетті қолдау көрсетіледі», - деді облыс әкімі.

Көшкіннің алдын алу жұмыстары да назардан тыс қалмауы керек. Бұл мәселе - халықтың да көкейіндегі сұрақ. Облыстық бюджеттен 16,8 млн. теңге бөлініп, таулы аймақтардың 7 учаскесінде көшкін қаупін зерделеу жүргізілді. Қауіпті аймақта 6 үй қалғаны анықталды. Осыған байланысты бұл үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Қаланың ішкі жолдарының жағдайына келетін болсақ, әзірге текеліліктерге біраз шыдам керек. Жолдарды күрделі жөндеу мен салу су және газ желілерін төсегеннен кейін ғана, яғни шамамен 2025 жылдан бастап жүргізілетін болады. «Ел Президенті бюджет қаражатының әрбір теңгесі мақсатты әрі тиімді жұмсалуы тиіс екенін айтты. Қалада жылу, су құбыры желілерін реконструкциялау, газ құбырын төсеу аяқталғанға дейін жолдарға күрделі және орташа жөндеу жүргізу тиімсіз деп санаймын. Тұрғындардан бұған түсіністікпен қарауды сұраймын», - деп түйіндеді сөзін Бейбіт Исабаев.

Облыс әкімі өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту барысына тоқталып, мемлекеттік қолдаудың арқасында, әсіресе «Ауыл аманаты» жобасының шеңберінде бизнесті дамытудың мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда Текелі тұрғындарынан осы бағдарламаға қатысуға  3 өтінім келіп түсті, оның 5,1 млн.теңге болатын 2-еуі мақұлданды. Ал жалпы Текелі қаласының шағын және орта бизнес саласында барлығы 3,8 мың адам жұмыс істейді. 2022 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, бұл 1,7% өскен, бизнес субъектілерінің саны - 1,8 мың.

Инвестиция тартуда да жұмысты ширату керек. Осы жылы тартылған 7 млрд. теңгенің тек 40%-ы немесе 2,8 млрд. теңгесі ғана – жеке инвестициялар, қалғаны - бюджет немесе квазимемлекеттік сектор қаражаты. Осыған байланысты Текелі әкіміне биылғы жылға жоспарланған бюджеттен тыс инвестициялар көлемін 50%-ға жеткізу тапсырылды. Дегенмен жылыжай шаруашылығы саласында ілгерілеу бар. Атап айтқанда, инвестор-компаниялар 2019 жылдан бері тоқтап тұрған «Green House» жылыжайын сатып алуға кіріскен. Сонымен қатар 11,5 га жаңа жылыжай салатын жер учаскесі анықталды.

Жиында мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамыту, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін шешу мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ Текелі қаласының даму перспективасында туризм ерекше мәнге ие. Бүгінде қалада 20 демалыс орны бар, олар бірінші жартыжылдықта 4 мың келушіге 399 млн.теңгеге қызмет көрсетті. Шаңғы-биатлон кешенінің құрылысы Текелі қаласында туризмді одан әрі дамытуға зор серпін бермек. Моноқалада жыл соңына дейін іске асыру жоспарланып отырған тағы 3 инвестициялық жобаның ішінде спорттық-туристік кешені де бар.

Бұған дейінгі халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің шешілу барысы да талқыланды. Бүгінгі таңда айтылған 8 мәселенің 2-еуі оң шешімін тапты, 2-уіне түсініктемелер берілді, ал өзгесі бойынша жұмыс жалғасуда.

- Халыққа құрғақ цифрлар емес, материалдық-әлеуметтік жағдайларының шын мәнінде жақсарғаны керек. Өзімізді-өзіміз алдаудың қажеті жоқ. Есеп үшін емес, азаматтардың өмір сүру сапасына оң әсер ететін нақты нәтиже үшін жұмыс істеу керек, - деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Кездесу барысында тұрғындар облыс әкіміне сұрақтар қойды.

Осы күні өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олар негізінен әлеуметтік нысандарды жөндеу, газбен жабдықтау, қоғамдық көлік бағыттарын, соның ішінде қала аралық бағыттарды ұзарту туралы болды. Барлық сұрақтарға қатысты жауаптар мен түсініктемелер беріліп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотограф: Жеңіс Ысқабай