Театр тарихында аты алтын әріппен жазылған Бикен Римованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шара аясында ұлы тұлғаны ұлықтап шығармашылық қойылым ғимаратында актрисаның қола мүсіні ашылды.
Елімізге ортақ қуанышты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бөлісіп құттықтау хатпен сүйіншіледі. Жетісу жұртына жедел хатты облыс әкімі Бейбіт Исабаев оқып берді.
Ашылу салтанатында алғашқылардың бірі болып сөз кезегі Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаеваға берілді.
«Елінің еңлік гүлі атанған Бикен Ырымқызы санаулы ғұмырын театр және кино өнерін дамытуға арнады. Ол кісінің ел есіне танымал образдары әлі де халқымыздың жадында сақтаулы. Сондықтан бүгінгі іс-шара тек Жетісу облысының ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени өміріне жаңа леп беретін айшықты оқиға болып отыр. Жалпы тарихи тұлғаларға арналған мерейтойлар еске алу кештерімен ғана шектелмей, ел құндылығын еске түсіретін, ұрпаққа мирас болатын салмақты дүниелер қалдыруы керек. Ұлттық өнер мен мәдениет саласында ойып із қалдырған ұлы тұлғамызды дәріптеу біздің барлығымыздың парызымыз әрі руханият алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпауымыз қажет», - дейді Аида Ғалымқызы.
Сондай-ақ халықаралық Түркісой ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы құттықтау сөзін сөлеп, ұйым атынан қолдау білдірді.
Дәстүрлі өнерді өмірінің өзегі еткен театр майталманының 100 жылдық мерей тойына арналған фестивальға түбі түркі елдер де қатысуда. Айтап айтсақ Қазақстанмен қатар Түркия, Өзбесктан, Қырғызстан және Түркіменстан өнер ұжымдары бес күн бойы Бикен Римова атындағы Талдықорған драмма театрында қалың көпшілік алдына қойылым қойып, рухани азық сыйламақ.
Салтанатты шара барысында Бикен Ырымқызының өмір мен өнер жолы таныстырылып, қазақ КСР-і халық әртісінің өмірбаяны өңірлік театр саңлақтарының сомдауында сахна төрінен көрермен көзіне орын алды