Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында өңірді дамыту мәселелері, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жоспары, Текелі қаласының инфрақұрылымына қатысты проблемалар және Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының келешегі талқыланды.
Мәулен Әшімбаев ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалардың іске асырылуын сапалы түрде қамтамасыз ету Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы аса маңызды міндет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер орын алып жатыр. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру. Осылайша еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Осындай ортақ мақсат жолында ел болып жұмылып, бекем бірлік таныту айрықша мәнге ие. Бұл мемлекеттілігімізді нығайтып, Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қажет», – деді Палата Спикері.
Сондай-ақ ол Сенаттың заң шығару қызметіне тоқталып өтті және өңірлермен тиімді өзара қарым-қатынас орнатудың маңызды екеніне назар аударды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін айтты. Соған сәйкес Сенат жанынан сот жүйесін реформалауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл бағытта қабылданатын заңдар тәуелсіз, ашық және кәсіби сот жүйесін құруға ықпал етеді деп сенеміз. Жаңа сессияда сенаторлардың бастамасымен әзірленген бірқатар заң жобасын қараймыз. Олардың қатарында жайылымдық жерлерді пайдалану, органикалық өнім өндіру мәселелері бойынша заң жобалары бар. Осындай ауқымды жұмыста өңірлердегі әріптестеріміздің тәжірибелері мен пікірлері аса маңызды. Сондықтан біз мәслихат депутаттарымен белсенді әрі тығыз жұмыс істеуді көздеп отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Төрағасы Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес пен «Өңір» депутаттық тобының жұмысы жайлы да айтып өтті. Аталған екі институттың қызметі аймақтардағы проблемаларды шешуге ықпал етуге арналған. Өңірлердегі түйткілдердің басым бөлігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қатысты екені белгілі.
«Жетісу облысында 2025 жылға дейінгі дамуды қамтамасыз ететін кешенді жоспар қабылданды. Онда ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды және туризмді дамытуға баса мән берілген. Жоспарда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Осы ауқымды істі жүзеге асыруға Сенат тарапынан қолдау көрсетеміз. Біз бұл бағытта бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс істегеніміз абзал», – деді Мәулен Әшімбаев.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өткен жеті айдың қорытындысы бойынша өңірде әлеуметтік-экономикалық өсім байқалғанын айтты. Мәселен, өнім өндіру өнеркәсіпте 8,9%, ауыл шаруашылығында 1,4% өскен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есе артқан, тұрғын үй беру көрсеткіші 18,1% өсті. Аймаққа жыл басынан бері 119,6 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл ретте облыс экономикасының негізін құрап отырған ауыл шаруашылығында халықтың 24,5 % жұмыс істейді. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы мен өңдеу секторын дамытуға көп көңіл бөлініп келеді.
- Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен іске асырылып жатқан реформалар бізден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жергілікті атқарушы органдар, депутаттар мен азаматтық қоғам өкілдері ортақ мүддеге жұмыла жұмыс істегенде ғана біз өсім қарқынын сақтап, жетістіктерімізді еселей аламыз, - деді Б. Исабаев. Сондай-ақ ол биылғы жылы өткен барлық деңгейдегі депутаттар сайлауында Жетісу облысы депутаттарының құрамы 75%-ға жаңарғанын, құрамына 6 саяси партия филиалының өкілдері енгенін атап өтті. Қазір олар өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді.
Өз кезегінде депутаттар саяжай массивтерінің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандарды салуды қаржылай қолдау сияқты бірқатар мәселелерді қозғады. Әсіресе заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес мәслихаттар рөлін күшейту мәселесі жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Текелі қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуде де өңірді дамыту мәселелері кеңінен сөз болды. Оның ішінде қаланың инфрақұрылымына қатысты мәселені шешу барысына ерекше көңіл бөлінді.
«Қалада канализациялық-тазарту нысаны әбден тозған. Бүгінде бұл өте өзекті мәселе екенін білеміз. Осы проблеманы шешу үшін жаңа тазарту стансасы салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс Сенаттың бақылауында болады. Облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарында экономиканы дамыту және инфрақұрылымды жақсартумен бірге әлеуметтік салаға да ерекше басымдық берілген. Соған байланысты алдағы үш жылда өңірде бірқатар тұрғын үй, мектеп, медициналық мекемелер салынбақ. Осы орайда облыс басшылығы Текелі қаласының да дамуына ерекше мән береді деп сенеміз», – деді Палата Спикері.
Атап өтсек, Текелідегі канализациялық-тазарту нысаны 1968 жылы салынған, аталмыш нысан тәулігіне 7000 м3 қуаттылыққа ие. Текелі қаласының әкімі Алмас Әділдің айтуынша, бұл жобаны толық жүзеге асыру Текелі қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етпек. Сол сияқты туризмнің дамуын және халық санының өсімін ескере отырып, тазарту қондырғысының өнімділігі тәулігіне 7 мың текше метрден 11 мың текше метрге дейін арттырылады. Сонымен қатар сарқынды суды екінші мәрте қаланың коммуналдық қажеттілігіне және алқап суаруға қолдануға болады.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының боччашыларымен де кездесті. Қазіргі таңда өңірде аталған паралимпиадалық спорт түрінен екі арнайы үйірме жұмыс істейді. Кездесуде Сенат Төрағасы елімізде инклюзивті қоғам құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Атап өтсек, өңірде «Жетісу облысының бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Биыл «Children parоlimpic gаmеѕ» республикалық турнирінде жас спортшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған. Сол сияқты ВС2 класы бойынша ҚР чемпионатына қатысқан Қуаныш Әскербеков чемпион атағына ие болды. Оған облыс әкімінің ай сайынғы стипендиясы тағайындалды. Қазір ұлттық құрама сапына алынып, биылғы күзде 2023 жылғы 22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында өтетін IV Азия Паралимпиада ойындарына қатысады деп жоспарланып отыр.
Одан бөлек, Палата Спикері Құлжабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейіне барды. Ол жерде оқушылар мен педагогтардың өзін өзі дамыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және әкімдік тарапынан мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу жайында сөз қозғалды.
Еске салсақ, білім беру мекемесі 2018 жылы іске қосылған, жобалық қуаты – 1200 орын. Қазіргі кезде мұнда 2365 оқушы оқиды.
Парламент Сенатының баспасөз қызметінің материалы бойынша