Облыстық жедел штаб құрылды

Облыстық жедел штаб құрылды

Тоқтаусыз жауған жауынның салдарынан Жетісу облысында бірнеше ауданның ауылдарында аулаларды су басқан. Осы оқиғаға байланысты қазір төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары қолға алынуда. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың төрағалығымен жедел штаб құрылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық Төтенше жағдайлар депатраментінің мәліметіне қарағанда түскі сағат 12.36-да Ескелді ауданының Ешкіөлмес ауылында аулаларға су кіргені туралы қоңырау түскен. Аталған ауылда 40 аулада осындай жағдай орын алған. Осындай ақпарат сағат 13.54-те Көксу ауданы Мәмбет ауылынан да түскен. Бұл ауылда 5 ауланы су басқаны анықталды.

Оған қоса «Талдықорған - Үштөбе» облыстық маңыздағы автокөлік жолының 35-ші шақырымында нөсер жауынның салдарынан еңіс ағыны пайда болғаны белгілі болды. Соның салдарынан тюбинг өткелі жолға құйылған биіктігі 10-15 см жауын суының екпініне шыдамаған. Жаңбыр суы Қаратал өзенінің түсіру арнасына кетеді.

Қазір оқиға орын алған елді мекендерде ТЖД күші мен құралдары жұмылдырылған. Соның ішінде арнайы құралдармен жарақтанған 103 құтқарушы мен арнайы техникалар іске кірісті. Оған қоса ПД, жергілікті атқарушы орнандар, «Қазселденқорғау» мекемесі, 18386 әскери бөлімі және т.б. құрылымдар жұмылдырылды. Қазір оқиға орындарында инженерлік жұмыстар, ішінара тұрғындарды эвакуациялау, су шығару жұмыстары жүріп жатыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.