
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтар үшін жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға келген оннан астам азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу, тұрғын үй құжаттарын заңдастыру, медициналық қызмет сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін алу сияқты бірқатар мәселелермен жүгінді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Баспана алу мәселесін көтерген азаматтардың барлығына мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй берудің заңдылық тәртібі түсіндірілді.
Соның ішінде жасы 90-нан асқан анасының күтімі үшін қолайлы тұрғын үй қажеттігін айтып облыс басшысына келген қала тұрғыны А.Айтқалиевтің тұрғын үй алуға әзір кезегі келмеген. Дегенмен қарияның жайлылығын қамтамасыз етуге қажетті шараларды демеушілер тарта отырып қабылдау қала әкіміне тапсырылды.
Сол сияқты Ескелді ауданы Ақын Сара ауылынан келген Т.Шарипов ауыл тұрғындары бірлесіп, кооператив құрып, ауыл маңындағы егістік жерлерді заңды түрде пайдаланса деген ұсынысын білдірді. Ескелді ауданы әкімінің хабарлауынша қазір аталған аймақта 11 мың гектар жер бар, соның 3240 гектары егістік жер. Бұл егіндіктер конкурс арқылы беріледі. Қабылдау барысында азаматқа кооператив құрудың жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар облыс әкімі бұл мәселені ауыл халқымен бірлесіп жиын өткізу барысында ауыл шаруашылығы басқармасының және басқа да тиісті мекемелердің мамандарымен бірге талқылап, шешімін қарастыруды ұсынды.
Жетісулық ардагер С.Құлсарынов су көлемінің азайып бара жатқанына байланысты шаруашылықтарға жаңбырлатын суару технологиясын кеңінен енгізу керектігін, ауылдың тұрмысын көтеру жөнінде ой бөлісіп, пікірін білдірді.
Жалпы қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәселелердің шешімін қарастыру, нақты шаралар қабылдау тиісті басқармалар мен аудандар мен қалалардың басшылығына тапсырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.