
Биылғы наурызда Ақши ауылындағы бұрынғы резиденция мүгедек балаларға арналған оңалту орталығының теңгеріміне берілген болатын. Бүгінгі таңда «Жансая» демалыс базасында алғашқы кезеңде 50 мүгедектігі бар бала демалуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алакөл ауданына жасаған жұмыс сапары барасында облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Жансая» күндізгі болу орталығына барып, балалармен және олардың ата-аналарымен, дәрігер мамандармен тілдесті.
- Алакөл суының емдік қасиетін бәріміз білеміз. Сондықтан көл жағалауында балалар ем алсын, ата-аналары да сергіп қалсын деп осы оңалту орталығын аштық. Балқаш жағалауында да болашақта осы тектес орталық құрсақ дейміз. Жоспарға сай Балқашқа апаратын жолдың жөндеу жұмыстарын аяқтасақ, инженерлік желілерін жүргізсек, оңалту орталығын ашуға да мүмкіндік болады. Балқаштың суы әлдеқайда жылы, өзі аса терең емес. Сондықтан ондағы оңалту маусымы әлдеқайда ұзақ болуы мүмкін, - деп Б.Исабаев жоспарымен бөлісті әңгімелесу барысында.
Жалпы «Жансая» орталығын ағымдағы жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 37 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Құрылыс жұмыстарын "AIDAR GROUP 2017" ЖШС, "RusStroy" ЖШС-лары жүргізді. Жалпы жазғы кезеңде орталық барлығы 150 бала қабылдайды деп жоспарланған. Демалушыларға уақытша жазғы кезеңде 24 маман қызмет көрсетеді. Мұнда жатын бөлмелер, ойын залы, асхана, медбике бөлмесі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі, өзіне-өзі қызмет көрсете алатын 6 жастан 18 жасқа дейінгі III топтағы мүмкіндігі шектеулі балалар қабылданады. Сауықтыру лагерінде су терапиясы, арт терапия, дене шынықтыру, музыка және ойын терапиялары қолданылады.
Мұнан соң Бескөлдегі спорт кешеніне барған облыс әкімі жаңа нысанның мүмкіндіктерімен танысты. 80 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, объект жуыра пайдалануға берілген. Жоба құрылысының құны 1 млрд. теңге. Мұнда спорттың 4 спорт түрінен - қазақ күресі, дзюдо, бокс, волейболдар жаттығулар жүргізіледі. 1 күрес залы, 1 бокс залы, 1 үлкен ойын залы және 1 жаттығу залы бар. Енді ауыл балаларының спортпен еркін айналысуына барлық жағдай бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.