Бірінші Іле Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтті

Бірінші Іле Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтті

Қытай және Қазақстан шекараларының аралығындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» ҚХР тарабында бірінші халықаралық Іле көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Көрмеде Жетісу және Алматы облыстары мен Іле-Қазақ автономды облысының ауыл шаруашылық өндірісінің жетістіктері паш етіліп, өнімдері саудаланды. Бұл шаралардың негізгі мақсаты - халықаралық туризмді өрістету және сауда-саттықтың өркен жаюына кең жол ашу.

Үш күнге созылған халықаралық жәрмеңкеде Жетісу облысынан ауыл шаруашылық өнімдерін шығаратын 20-дан астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында «Лепсі өнімдері» ЖШС, «Жаркент крахмал зауыты» ЖШС, «Жаркент пропилен зауыты» ЖШС, «Көктал агро» ЖШС «Асыл мұра», «Асагро», «Сәлем құс» сынды өнімдері кеңінен мәлім кәсіпорындар бар.

Көрме залынан тыс алаңда ҚХР-да және басқа шет елдерде жасалған ауыл шаруашылық техникалары мен автокөліктердің көрмесі қойылды.

Түстен кейін орталықтың мәдениет сарайында жәрмеңкеге келген кәсіпкерлердің қатысуымен ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді. Мұнда тек кәсіпкерлер ғана емес, екі тараптың ғалымдары да сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығын интенсивті дамытудың жаңа технологияларын, ғылым жетістіктері мен ауыл шаруашылығын ұтымды дамытудың жолдарын, ұсыныстарын ортаға салды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.