
Осыдан бір жыл бұрын Текелі қаласында «Алтын Адам Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігі ерекше қажеттілігі бар балалар үшін «Мамания өнер мектебі» орталығын ашқан болатын. Мұнда балалар жыл бойы өнердің он түрін меңгеріп, шеберлігін шыңдайды. Жуырда орталықтың бір жылдығына орай мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына арналған қолөнер және тігін ісінің тегін үйірмесі ашылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Орталықтың Текелі филиалының директоры Наталья Пактың айтуынша, жыл бойы балалар кескіндеме, сурет салу, бисермен кестелеу, фетрмен тігу, моделдеу, киіз басу, фотоаймақты безендіру сияқты істермен айналысады.
Ерекше қажеттіліктері бар бұл балалардың аналарына арналған жаңа жобаны іске асыру үшін қоғамдық бірлестік Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде облыстың үкіметтік емес ұйымдарына арналған «Жаңа бастамалар – жаңа мүмкіндіктер «әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі» конкурсына қатысты. Ақшалай грант ұтып алудың арқасында 2 тігін машинасы, 2 үтік, үтіктеу тақтасы, сызғыш, кесуге арналған кілемше, ноутбук және МФУ сатып алынды.
Балалардың бойындағы ілгерілеушілікті көріп, көптеген ата-аналар күнделікті күйбең тірліктен бір сәт дамылдап, пайдалы дағдыларды игеріп, шығармашылықпен айналысқанды жөн көрді. Осылайша, арт-терапия мен жаңа кәсіп меңгеру, өзара бір-бірімен араласу, әлеуметтену балалардың ғана емес, олардың жақындарының да жағдайын жақсартуда.
- Бүгінгі таңда орталыққа қырыққа жуық адам келеді, олардың ең үлкені – 37 жаста, ең кішісі жақында бес жасқа толды. Тәлімгерлер әр баланың өз диагнозына сәйкес дағдыға үйретеді. Нәтижесі ап-айқын, біздің балалар көпшіл бола бастады, басында олар өте томаға-тұйық болды, көп сөйлемейтін, тіпті бір-бірімен де араласпайтын. Өйткені олардың басқалармен байланысу аумағы негізінен үйде, емханада, оңалту орталығында ғана еді. Қазір орталықта олар ұсақ моториканы, қиялын, шығармашылық қабілеттерін, талғамдары мен әлеуметтік дағдыларын, шыдамдылығын, табандылығын, дәлдігі мен зейінін дамытады. Қазір ата-аналар балаларының күлімсіреп, көңілді жүретінін, өзара достасып алғанын айтады. Шығармашылық жұмыспен қатар, туған күн, басқа да мерекелерді бірге тойлап, түрлі іс-шараларға қатысады, - дейді орталық директоры.
«Мамания» тәрбиеленушілері қалалық және облыстық сәндік-қолданбалы өнер көрмелеріне қатысып, өңірлік конкурста қайта өңдеу жобасын ұсынған, сондай-ақ Текелі қаласында «Дармарку» - заттарды тегін тарату акциясын өткізді. Үлкенді-кішілі марапаттар балаларды ынталандырады дейді мұғалімдер. Бұл ретте Текелідегі «Мамания өнер мектебіндегі» бес тәлімгердің үшеуінің мүгедектігі бар. Яғни мұндағы мұғалімдердің өзі балаларға төзімділік пен оптимизмнің үлгісі болуда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.