Ауыл шаруашылығын несиелеу бағдарламалары туралы баяндады

Ауыл шаруашылығын несиелеу бағдарламалары туралы баяндады

Жетісу облысына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев жұмыс сапарымен келіп, шаруа қожалықтарының, кредиттік серіктестіктердің басшыларымен, кәсіпкерлермен, БАҚ өкілдерімен кездесті.

Айдын Досқараев «Аграрлық несие корпорациясы» еліміздегі аграрлық кәсіпорындарға несие беру қызметтерін ұсынатын мемлекеттік компания екенін айтты. Қазақстанда агроөнеркәсіп саласында 280 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс істейді. Негізгі міндет - оларға қаржылық қолдау көрсету. Корпорацияның несиелік қоры 1 трлн теңгеден асады, еліміздің 19 өңірінде жұмыс істейді.

Ол кездесуге қатысушыларға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржыландыру шарттары мен кредиттеу бағдарламалары туралы айтып берді. Қазіргі кезеңде «Агробизнес», «Кең дала», «Іскер» және «Жастарға микрокредит беру» сияқты 4 кредит беру бағдарламасы жұмыс істейді.

«Агробизнес» – әмбебап бағдарлама. Ол мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын қаржыландыруға бағытталады. Несиелер меншікті және тартылған коммерциялық қаражат есебінен беріледі, субсидиялауды ескере отырып, сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендейді. Инвестициялық мақсаттарға арналған қарыздың ең ұзақ мерзімі-12 жылға дейін.

«Кең дала» бағдарламасы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу кезінде шаруашылықтарды қолдауға бағытталған және бюджеттік кредит қаражаты есебінен іске асырылады. Банктер, несиелік серіктестіктер және микроқаржы ұйымдары арқылы қаржыландыру кезінде түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық мөлшерлеме 5% құрайды. Өткен жылдан бастап мемлекет 140 млрд теңге бөлуде, «АНК» АҚ  - осы бағдарламаның операторы. Атап айтқанда, Жетісу облысы бойынша 14 кредиттік серіктестікпен келісім жасалды.

«Іскер» бағдарламасы стартап-жобаларды және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Осы бағдарлама бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6% құрайды. Бұл ретте қарыздар 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Жастарға микрокредит беру» бағдарламасы осы жылы басталды. Бұл – 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жаңа бағдарлама. Несиелер 5 миллион теңгеге дейін беріледі, бұл ретте жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 2,5%. Мал шаруашылығын дамыту үшін қарыз беру мерзімі 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін. Жетісу облысы бойынша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, 316 өтінім келіп түсті, соның ішінде 727 млн теңгеден астам сомаға 201 өтінім мақұлданды. Бүгінгі таңда 570 млн теңге берілді.

Айдын Досқараевтың айтуынша, 2023 жылы «ҚАФ» АҚ-ны қоса алғанда, «АНК» АҚ қаржыландыруының жалпы жоспары 500 млрд теңгені, оның ішінде Жетісу облысы бойынша 6,13 млрд теңгені құрайды. Дегенмен бірінші жартыжылдықта жоспар асыра орындалып, 6,49 млрд теңге игерілген.