Қоғамдық қауіпсіздік қамтасыз етілуі тиіс

Қоғамдық қауіпсіздік қамтасыз етілуі тиіс

Кеше Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Онда өңірдегі заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтарының қорғалуы, жемқорлыққа қарсы күрес сынды бірқатар маңызды мәселе талқыланды. Жиынға барлық құқық қорғау органдарының басшылары, шекара қызметі мен әскери бөлімдердің және барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған басқоуда облыстық полиция департаментінің қылмыстың алдын алу бойынша іс-шаралары және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі сөз болды. Сонымен қатар терроризмге (лаңкестікке), экстремизмге қарсы күрес және ішкі қоғамдық саяси тұрақтылық, шекарадағы сауда-экономика, кеден қызметінің жұмысы,  ондағы инфрақұрылымдарын жақсарту, жергілікті атқарушы органдардың құқық қорғау органдарымен өзара үйлесімді іс-қимылының қамтамасыз етілуіне қатысты бас-аяғы 6 мәселе қаралды.

Алдымен облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, алаяқтықпен күрес, құрылыс саласында орын алған олқылықтарды айтып, баяндама жасады. Бейбіт Өксікбайұлы шешілмей жатқан өзекті мәселерді мысалға келтіріп:

– Талдықорған қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының мәселесі сотқа дейін жеткізіліп, соттың шешімі сәуір айында шығарылды. Алайда сот орындаушылар асығар емес. Мәселені аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Өйткені тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмыс жағдайы өте нашар, жаңа басқарушы компанияға тапсыруымыз керек. Шашылып жатқан полиэтилен пакеттері халықтың орынды сыны мен наразылығын туғызып отыр, – деді.

Әрмен қарай Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат  Жебегенов, облыстық Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов атқарылып жатқан жұмыстарын баян етті. Жалпы облыста 6 айдың ішінде 2148 қылмыс тіркелді. Оның ішінде ауыр қылмыс – 457, аса ауыр – 33. Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, мал ұрлығы азайғанмен, пәтер ұрлығы, интернеталаяқтық керісінше өскен. Және де жол-көлік оқиғасы салдарынан запа шегіп жатқан жандар жетерлік. Статистикаға сәйкес, 2023 жылдың алты айының қорытындысы бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстың ашылуы 2,4%-ға өскен. 2022 жылы мал ұрлығы бойынша 89 факті тіркеліп, осы жылы 67-ге азайғанымен қылмысты ашу өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға төмендеген.

- Мемлекет басшысы жуырда өткен Ұлттық құрылтайда жастарымыздың интернет дәуірінде өмір сүріп жатқанын және жас ұрпақтың әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып отырғандығын, бұл – өте қауіпті үрдіс екендігін айтты. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиұлына, білім мен қоғамдық даму басқармасын, ата-аналар мен қоғамдық ұйымдарды, құқық қорғау органдары мен психологтарды біріктіре отырып, осы мәселенің шешімін табу мақсатында жаңа оқу жылына дейін қажетті іс-қимыл алгоритмін әзірлеп, тиісті деңгейде жұмысты ұйымдастыруды тапсырамын, – деді облыс басшысы.

Кездесуде сөз алған  облыс әкімінің орынбасарлары Рустам Әли мен Әлібек Жақанбаев ішкі қоғамдық саяси тұрақтылық, дін саласындағы ахуал, синтетикалық есірткіге қарсы күрес, халықты заманауи құрылғылар арқылы ақпараттандыру, жергілікті атқарушы органдардың құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жұмыстарын назарға ұсынды. Сонымен қатар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұхтар Қанабеков шекара, кеден қызметінің жұмысы,  әскери бөлімшелердің инфрақұрылымдарын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Жиын соңында Бейбіт Өксікбайұлы орынбасарлары мен барлық құқық қорғау саласындағы басшыларға ашық жұмыс істеуді, аудан, ауыл халқымен жиі кездесіп, БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауды міндеттеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.