Азғантай жылда ұлттық мерекеге ұласқан аталмыш күнді жетісулықтар биыл да ерекше атап өтті. Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында облыс орталығындағы мектептер мен Оқушылар сарайы сынды білім мекемелерінің 500 шәкірті домбырадан күй түлетті. «Адай» күйін орындады. Қазақ руханиятына өзіндік үлесін қосып, сан жылғы тарихын қаттаған М. Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған асқақ та асау күйлер тыңдармандарды тәнті етті.
Тұла бойға бұла күш құйған қасиетті үн, асқақ күйлер жүректі сөйлеткендей әсер қалдырды. Талдықорғандықтар жел тербеген қамыстай қалбалақтап күй ырғағына елтігендей көрінді. Осынау тамаша кеш барысында өңір мектептеріндегі арнайы күй үйірмелерінің оқушылары да топ-тобымен өнер көрсетті.
«Үкілі домбыра» атауымен өткен музыкалық шара барысында Түркештің «Көңілашары», Құрманғазының «Адайы» мен «Балбырауыны», Нұрғиса Тілендиевтің «Әке толғауы» сынды сырлы күйлер шертілді. Өзге де дәулескерлердің туындысы орындалды. Сонымен қатар облыстық филармония өнерпаздары мен жетісулық талант иелері домбыра туралы жазылған әндерді әуелетті.