Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады

Ежелден егіс алқабынан алынатын өнімімен төңірегіне танымал Ақсу ауданында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл өңірде жылдан жылға қант қызылшасын өсіруді оңтайландырып, өнімділікті  арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр.

Өткен сенбі күні Б.Сырттанов ауылында «Әлихан» шаруа қожалығында «Тәтті түбір – және оны өсіру техналогиясы мен аталған дақылды зиянды организмдерден қорғау схемасы» тақырыбында Дала күні өтті. Айтулы шара «Август - Қазақстан» ЖШС-нің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Шаруаларға қатысты арнайы ұйымдастырылған шараға  қатысқан Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кенебаев Жетісу облысында шаруаларды қолдауға баса көңіл бөлінетінін нақты мысалдармен жеткізді. Нұрдәулет Сағадиұлы өз сөзінде осы жылы облыс әкімдігінің қолдауымен шаруаларға арзандатылған дизель отынын, қант қызылшасының тұқымын алуға көмек көрсетіліп, қант зауыты тарапынан  көктемгі дала жұмыстарына   гектарына 100 мың теңгеден қаражат берілгенін атап өтті.

«Август - Қазақстан» ЖШС  ұйымдастырушылары  «Әлихан» шаруа қожалығындағы 100 гектарға егілген қант қызылшасы алқабында германиялық BTS 590 сортына жүргізген тәжірибелерімен бөлісіп, алқапқа қолданылып жатқан препараттардың нәтижелеріне тоқталды. Арнайы мамандар тәтті түбірді өсіру кезінде қанша тыңайтқыш қолдану керектігі, қай кезеңде қандай препарат шашу қажеттігі жайлы ақпарат берді.

Сонымен қатар шара барысында «Август - Қазақстан» ЖШС  серіктестері «CT AGRO» өкілдері өз техникаларынан көрме қойды. Қант қызылшасын өсіруде қолданылатын жаңа агрегаттар шаруаларға таныстырылып, жаңа технологияның мүмкіндіктері көрсетілді.

"Жетісу" газеті