Кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуде

Кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуде

Жетісу облысының табиғи ошақтарының аумақтарында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың 2-ші кезеңі 1 маусымнан басталған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне қарағанда, бүгінгі күнге Ақсу, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында толығымен аяқталып, 213 га өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты Алакөл ауданында  кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Кене энцефалиті сырқаттанушылығына эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру мақсатында, апта сайын мониторинг жүргізілуде. Жиырма бесінші аптаның қорытындысында барлығы 382, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында кене шаққан 183 жағдай тіркелді. Кенеге қарсы иммуноглобулинмен 378 адам егілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда, кене шағып медициналық көмекке жүгінген адам саны 1,4 есеге төмендеген.

«Құрметті тұрғындар, кенелерді жою жұмыстарын жүргізу туралы белгілері (жазуы бар қалқандар) бар аумақтарға барудан бас тартуды сұраймыз. Кенелерді жою жұмыстарын жүргізу туралы белгісі бар орындарда 45 күн бойы мал жаюға тыйым салынады. Сонымен қатар өңдеу жүргізілген күннен бастап алғашқы 3 күн ішінде осы аумақтарға барудан аулақ болыңыздар», - делінген облыстық СЭБД хабарламасында.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.