Биыл облыстық «Жетісу» газетіне 105 жыл толды. Талдықорғандағы Салтанат сарайында Ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында өңірдегі масс-медиа өкілдерін құттықтаған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыстық басылым ұжымына «JAC J7» маркалы автокөлік сыйға тартты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Журналистер қауымын құттықтаған Бейбіт Исабаев:
- Құрметті журналистер! Баршаңызды алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Қаламдарыңыз қарымды, шығармашылықтарыңыз табысты болсын! Бүгінгі ақпараттық-коммуникациялық технология заманында журналист болу әрі жеңіл, әрі қиын. Олай дейтінім, қазір ақпарат легі өте көп. Солай бола тұра, соның ішіндегі ең пайдалысын, қажеттісін халыққа сұрыптап, саралап, таразылап жеткізе білу, мәліметтердің рас-өтірігін анықтау, әр сөздің салмағы мен жауапкершілігін сезіну аса маңызды. Жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру туралы мәселеге ерекше тоқталды, - деген облыс басшысы бүгінгі БАҚ-тың еңбек культін қалыптастыру, Адал азамат ұғымын дәріптеу, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік құндылықтарын орнықтыру сияқты мәселелердегі рөлін де атап өтті.
«Жетісу» газетіне биыл 105 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт жасап келе жатқан бұл газетте күні кеше Ілияс Жансүгіров, Сара Есова, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов сияқты алыптардың қолтаңбасы қалған. Осы басылымда әр жылдарда Жақыпжан Нұрғожаев, Әли Ысқабай, Кенжехан Рақыш, Болат Бисұлтан, Әміре Әрін және т.б. ардагер қаламгерлер жемісті еңбек етті. Олардың бірқатары бүгін ортамызда отыр. Газет осы беделіне сай лайықты жұмысын жалғастырады деп сенемін», - деді облыс әкімі. Облыс журналистерінің еңбектеріне жеміс, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеп, бірқатар БАҚ өкілдерін марапаттады. Атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісі ардагер журналист Болат Бисұлтанұлына, «Еңбек ардагері» медалі Нүсіпбай Әбдірахымға, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі «Жетісу» және «Вестник Жетісу» газеттерінің бөлім редакторлары Айгүл Байбосынова мен Татьяна Демидоваға берілді. Сол сияқты бірқатар БАҚ өкілдері мен блогерлер облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.
Осы салтанатты жиында «Жетісу» газетіне «JAC J7» автокөлігінің кілті табысталды.
Кәсіби мерекелерімен әріптестерін Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жақыпжан Нұрғожаев, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі Атсалим Идигов, «Вестник Жетысу» газетінің бөлім редакторы Татьяна Демидова құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы Жетісу облысында 42 ақпарат құралы, яғни аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі БАҚ тіркелген. Сонымен қатар республикалық «Хабар», «Хабар 24», «Қазақстан», «Еуразия» телеарналарының, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің, интернет порталдардың меншікті тілшілері жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.