«Күншуақ» оңалту орталығы балаларға қызмет көрсетеді

«Күншуақ» оңалту орталығы балаларға қызмет көрсетеді

Жыл басынан бері «Күншуақ» оңалту орталығында 416 адам ем алды. Қазіргі кезде бұл тыныс алу сырқаты бар балаларды емдейтін өңірдегі жалғыз орталық, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының деректері бойынша орталықтың физиотерапиялық, стоматологиялық, емдік гимнастика және дене шынықтырумен қоса өз бейініне сәйкес арнайы жабдықталған диагностикалық және емдеу кабинеттері бар. Тұзды шахта жұмыс істейді, медициналық қызметтен биоптрон, электрофорез, оттегі коктейлі, УФО, сонымен қатар Шарко душы, ыстық ванна, фитобочка сеансы түріндегі емі бар термотерапия бөлімі қызмет көрсетеді. Айта кетейік, орталықта волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисіне арналған балалар мен спорт алаңдары бар.

«Аллергиясы бар балалар саны жылдан жылға көбейіп келеді, бұл көбінесе бронх демікпесіне айналуы мүмкін обструктивті синдромы бар бронхиттердің пайда болуына әкеп соқтырады, бұл өте қауіпті. Сондықтан аурудың өршуінен кейінгі кезеңде әр балаға уақтылы оңалту қажет, бұл сыртқы тыныс алу функцияларын толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Дәрігерлердің нақты алгоритмінің арқасында баланың жалпы жағдайы жақсарады. Біз балаларға қызықты болу үшін бәрін жасаймыз. Олар тек емделіп қана қоймай, жаңа дағдыларды үйреніп, бір-бірімен танысады», - дейді бас медбике Назгүл Ахметқалиева.

Оңалту орталықтарындағы емдеу рәсімдерін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы алуға болады.

«Менің баламның өкпесі ауруып емделіп шыққанан кейін он күн ішінде Күншуақ орталығында оңалтудан өтті. Тұзды шахтада емделді, витамин емін алды, жалпы күш-қуат беретін су процедураларын, оттегі коктейлін қабылдады. Бүгінгі таңда баланың жағдайы жақсы», - дейді науқас баланың әкесі Мұқтар Айтқұрман.

Еске салсақ, орталықта 21 қызметкер жұмыс істейді, оның 1-еуі - дәрігер, 8-і - орта медицина қызметкері, педагог-психолог, музыка жетекшісі және басқа қызметкерлер бар. Талдықорған қаласындағы «Күншуақ» оңалту орталығы Қаратал өзенінің жағасындағы әсем саябақта орналасқан.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі