
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облыстық филиалында білімін жетілдіріп жатқан мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, мемлекеттік басқару құрылымындағы өзгерістер, жүйедегі жаңа өзгерістер төңірегінде ой бөлісті. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттер жайына да тоқталды.
Өз сөзінде қазіргідей әлемдік геосаяси жағдай күрделенген кезеңде мемлекеттік қызметшіге артылар жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін айтып өткен облыс әкімі еліміздегі мемлекеттік құрылыстың негіздерін реформалау, қоғамдық институттардың әлеуетін арттыру, «азамат-бизнес-мемлекет» үштігіндегі қарым-қатынасты дамытуға бағытталған жаңа басқару үлгісін қалыптастыру сынды мәселелерді жан-жақты түсіндірді.
– Күні кеше Түркістанда өткен екінші Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін ашық айтты. «Министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық», – деп атап өтті. Ең бастысы, мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беру керектігін, олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс екендігін нықтап жеткізді. Президент айтып отырған «Адал азамат» дегеніміз – осы, – деген Бейбіт Өксікбайұлы бүгінгі талап өзгеріске бет бұру екендігі жайында жан-жақты әңгімеледі.
Бұл ретте заңның үстемдігін орнықтыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, жемқорлықпен күрес, білімін уақыт талабына сай үздіксіз жетілдіру, ашықтық пен әділдік қағидаттарына сай жұмыс істеу мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымдары болуы тиіс екенін атап өтті.
«Қазіргі қоғам мемлекеттік органдарға жоғары талап қояды. Халықтың сұранысын қанағаттандыру, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жылдамдату үшін мемлекеттік қызметтегі адами капиталды дамыту қажет. Өздеріңіз білесіздер, адами капитал дегеніміз қызметкердің өз міндеттерін орындауына және кәсіби дамуына мүмкіндік беретін білім, құзырет, тәжірибе және дағдылардан тұрады. Ең алдымен, адамның өзгеріске деген ниеті болуы шарт. Қазіргі таңда Президенттің бастамасымен мемлекеттік құрылымда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың басты мақсаты – азаматтық белсенділікті нығайту, басқару жүйесіне, шешім қабылдауға қоғамды қатыстыру, халық пен биліктің арасында өзара сенімге құрылған тығыз байланыс орнату. Осы орайда бұған дейін Қазақстанда ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгенін білесіздер. Ал биыл пилоттық жоба ретінде бірқатар аудан әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Соның ішінде біздің облыста екі ауданның әкімдерін сайлау белгіленген. Ендігі жерде халық өзі қалаған, іскер деп білетін азаматтарды сайлай алады. Тұрғындардың сенімін ақтап, жаңа заман талаптарына сай белсенді, бастамашыл, іскер қабілеттерін таныта білуі үшін жергілікті жерлердегі мамандар ең алдымен кәсіби білікті, сауатты болып, әділеттілік принципімен жұмыс істеуі тиіс», - деді Б.Исабаев.
Сондай-ақ, ақпараттық технологиялар заманында әлеуметтік мінберге айналған желілерді меңгерудің тиімділігі, бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық жұмыс жүргізудің қажеттігі туралы сөз қозғаған облыс әкімі бұдан соң лекцияға қатысушылармен емен-жарқын әңгіме жүргізіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жетісу облысы әкімінің