Талдықорғандықтарға жеке қабылдау өткізді

Талдықорғандықтарға жеке қабылдау өткізді

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласы тұрғындарына жеке қабылдау өткізді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен зум платформасы арқылы қосылған тұрғын Азамат Слямов биогумус өндірісімен айналысуға қажетті жер сұрады. Ол органикалық тыңайтқыш өндіру жөніндегі бизнес-жобоасымен 5 млн. теңгеге жуық грант ұтып алған. Енді өзі сияқты осы өндіріске ден қойып отырған серіктестерімен бірлесіп, ортақ инвестиция салып жаңа өндірісті бастауға ниетті. Ол үшін Талдықорған қаласының маңынан немесе Ескелді, Көксу секілді жақын аудандардан 2 гектардай жер қажет. Бұл мәселені Бейбіт Исабаев өзінің орынбасары Әлібек Жақанбаевқа тапсырып, жас кәсіпкердің бинес-жобасымен танысып, көмек шараларын қарастыруды тапсырды. Бұл ретте жер бөлу конкурс арқылы өткізіледі.

Сол сияқты «Бәйтерек» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлбике Самалбаева қоғамдық көліктерде аялдамаларды хабарлап отыру, автобус аялдамаларының шатырын кеңейту, медициналық және басқа да қызмет алу орындарында мүгедектерге кезексіз қызмет көрсетуді реттеу, тұрғын үй сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Облыс басшысы тұрғын үй кезек ретімен берілетінін түсіндіре келе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруда айтылған мәселелерді орындауды қала әкімдігіне міндеттеді.  

Сонымен қатар облыс әкімінің қабылдауына кірген басқа да азаматтар мемлекет қорынан тұрғын үй алу, жалгерлік тұрғын үйді жекешелендіріп беру мәселелерін жиі көтерді. Өз кезегінде азаматтарға тұрғын үй қатынастары жөніндегі заң талаптары түсіндірілді. Қабылдауға жалпы саны 7 адам кірді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.