
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Үш жарым сағаттан астам уақытқа созылған кездесу барысында өңір басшысына 100-ге жуық сұрақ қойылды. Талқыланған тақырыптар негізінен тұрғын үй қатынастары, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бөлу, саяжайларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау және жалпы ТҮКШ саласы туралы болды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы Б. Исабаев баяндама жасап, қала инфрақұрылымын дамытуға қатысты және проблемалық мәселелерді шешуге егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, бүгінде халықтың 90%-ы немесе 54,4 мың абонент газға қол жеткізе алады, оның ішінде 31,8 мың абонент немесе 58% газға қосылған. Өткен жылдың соңында «Экспедиция» учаскесіне және «3-ші бөлімше» тұрғын алабына газ берілді. Жылыту маусымы басталғанға дейін «Үйтас» саяжайын, «Жастар-2» шағын ауданын, «Ынтымақ» тұрғын алабын көгілдір отынға қосу жоспарлануда. Жобалардың құны 2 млрд. теңгеден асты, газға 20 мыңнан астам адам қол жеткізе алады. Келесі жылы «Алмалы», «Ащыбұлақ», «Мерекелік», «Сарыбұлақ», «Қызылтас», «Балықты», «Қаратал» саяжайларында, Бірінші бөлімшеде, Мойнақ ауылында және 6, 7-шағын аудандардағы, «Плодопитомник», «Агропромышленник», «Жастар-1» тұрғын алаптарындағы қалған бөліктерінде газ желілері салына бастайды. Жобалау жұмыстары аяқталуда. Осылайша 2025 жылы 200 мың халқы бар қаланың барлық елді мекендері газдандырылады.
Сонымен қатар 300-ден астам көп пәтерлі үйдің тұрғындары табиғи газға қол жеткізсе де, әлі күнге газ баллондарын пайдаланып отыр. Бұл ретте айта кету керек, есепке алу құрылғысы бар пәтерді қосу құны 35 мың теңгені құрайды. Өңір басшысы талдықорғандықтарды бұл мәселеде неғұрлым белсенді және жауапты болуға шақырды, өйткені бұл жағдайда олар өз өмірі мен денсаулығына, сонымен қатар айналасындағыларға да қауіп төндіретінін атап өтті.
Сапалы ауыз сумен, оның ішінде саяжай алаптарымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың қыркүйек айына дейін «Қызылтас», «Қаратал» саяжайларының 4,5 мың тұрғыны таза суға қол жеткізе алады, бұл мақсаттарға бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Биыл «Ұлан» әскери қалашығында сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу мен қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Оған қажетті сома, яғни 126,8 млн. теңгеге бюджеттік өтінім қолдау тапты. 2024 жылы «Жастар 1/1» тұрғын алабында сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жөніндегі жобаны қаржыландыру мәселесі пысықталуда, ал келесі жылы Еркін ауылында сумен жабдықтау Оңтүстік-Шығыс тұрғын ауданында сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарлануда. Осылайша 2024 жылдың соңында облыс орталығының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 99%-ға жетеді.
Қалалық жолдарды жөндеуге, салуға және күтіп ұстауға биыл 8,5 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 млрд. теңгеге артық. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін 183 көше жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 86%-ға жетеді, қазіргі көрсеткіші - 82%.
Тұрғын үй құрылысы да жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін барлығы 51 көппәтерлі үй пайдалануға беріледі деп күтілуде, оның ішінде бюджет есебінен жалпы құны 23,5 млрд. теңге болатын 35 тұрғын үй, жеке құрылыс салушылар мен меценаттардың қаражатына 9 үй салынып, іске қосылады. Бұл ретте жаңа шағын аудандарды игеру жұмыстары жалғасады. 11, 12-шағын аудандарда және Қаратал өзенінің оң жағалауында 43 үй мен магистралдық инженерлік желілерді жобалау жүргізілуде. Құрылыс келесі жылы басталады.
Сонымен қатар халықты жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер учаскелерімен қамтамасыз ету мәселесі де бірте-бірте шешіліп келеді. Бүгінгі таңда Өтенай және Еркін ауылдық округтерінде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға кезекте 41 мың адам тіркелген. Кезекте тұрғандарға 500 жер учаскесі ғана дайындалып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, бұл учаскелер осы жылдың соңына дейін беріледі. Бұл ретте қала әкімі Ә. Масабаевтың айтуынша, жер учаскелерінің бір бөлігі маусым айының соңына дейін беріле бастайды. Жалпы алғанда, барлық кезекте тұрған азаматтарға жер беру үшін 7,2 мың га жер қажет. Осыған байланысты сәулет және қала құрылысы басқармасына қала әкімімен бірлесіп Талдықорған қаласының Бас жоспарына түзету енгізу арқылы мәселені шешу жөнінде ұсыныс енгізу тапсырылды.
Қаланы абаттандыруға, атап айтқанда аула аумақтарын ретке келтіруге, шатырлар мен қасбеттерді жөндеуге, саябақтар мен скверлерді қайта жаңартуға, сондай-ақ көгалдандыруға көп көңіл бөлінеді. Қалаға жас көшеттер мен гүлдер өсіру үшін екі тәлімбақ іске қосылды. Талдықорған – Үштөбе тас жолынан 2 км жерде аумағы 24 га жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны үшін орын белгіленді.
Мектептер, медициналық мекемелер, спорт объектілері секілді әлеуметтік объектілердің құрылысы жалғасады. Мысалы, салынып жатқан облыстық сот ғимаратын 500 келушіге арналған емхана ретінде қайта бейімдеу, облыстық ауруханаға жаңа блок салу және қолданыстағы ғимаратын күрделі жөндеу, Өтенай ауылында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салудың жобалық жұмыстары биыл аяқталады. Жобалар 2024-2025 жылдары іске асырылатын болады. 2024-2026 жылдары жаңа онкологиялық диспансер салу үшін 210 төсектік дайын Жобаға ауданы 5 гектар жер учаскесі белгіленді. Жалпы, 2022-2023 жылдары әлеуметтік объектілерді, инфрақұрылымды салуға және жобалауға 67 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл облыстың әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған облыс бюджетінің 30%-ын құрайды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесі ерекше маңызға ие. Өңір басшысының айтуынша, әлеуметтік 3 дүкен мен 3 дүкенде ашылған әлеуметтік сөремен қатар қала тұрғындарын маусымаралық кезеңде көкөніспен, жеміспен қамтамасыз ету үшін көкөніс сақтау желісін дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі кезде қалада қуаттылығы 4,8 мың тонна болатын 5 көкөніс қоймасы бар. Сондай-ақ қыркүйек айында 8 айға дейін өнім сақтай алатын «Жерұйық» кешені іске қосылады. Онда әрқайсысы 1000 тонналық қуатқа ие үш көкөніс сақтау қоймасы және 500 тонналық жеміс сақтау қоймасы болады.
Облыс әкімі Б. Исабаев алдыңғы кездесу барысында халық көтерген мәселелердің шешіміне де тоқталып өтті. Сол кезде көтерілген 26 мәселенің 14-і толығымен шешілген. Шешімін тапқан проблемалардың ішінде 15 апатты үйден тұрғындарды көшіру мәселесі де бар. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы Кивилев көшесіндегі 4 апатты үйдің тұрғындары көшіріліп, оларға 601,9 млн.теңгеге 32 пәтер сатып алынған. Қалған 11 апатты үйден тұрғындарды көшіру үшін биыл бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінді. 268,5 млн. теңгеге 17 пәтер сатып алынды, маусым айында 41 пәтер бойынша конкурс өтеді, 23 пәтерге меншік құқығы белгіленеді.
Қалада кедергісіз орта құру жұмыстары жалғасуда. Талдықорғанда «Инватакси» автомобильдерінің саны 2 есеге жуық, яғни 7-ден 13 бірлікке дейін өсті. Қазан айына дейін қалада көру қабілеті бұзылған адамдар үшін дыбыстық бағдаршамдар саны 20 бірлікке дейін артады, 8 бағдаршам сатып алуға 2,4 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, осы жылы облыстық бюджеттен 51 мемлекеттік мекемені бейімдеу үшін 152 млн.теңге бөлінді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев баяндамасы аяқталған соң талдықорғандықтардың 100-ге жуық сұрағына жауап берді. Негізінен тұрғындар мемлекеттік қордан берілетін қолжетімді тұрғын үймен қамту мәселесін жиі көтерді. Өтініш білдіргендердің барлығына тұрғын үй заңнамасына сәйкес кезектілік тәртібінің өзгеруіне қатысты түсініктемелер берілді. Мәселен, бұған дейін Талдықорғанда кезек 19 санатқа бөлінсе, кейін заң талаптарына сай кезек 6-ға біріктірілген. Соған сәйкес кезек реті де кейінге жылжыған.
Облыс әкіміне саяжай тұрғындары бірқатар мәселелерді баяндады. Талдықорғанда барлығы 12 саяжай массиві бар, олардың бір бөлігі сумен, жарықпен, газбен қамтылған, жолдары кезең-кезеңімен жөнделіп, аса қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, бұл жайында өңір басшысы баяндамадасында егжей-тегжейлі баяндады. Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Көптеген тұрғындар Талдықорғанда оңалту орталығын салу қажеттігін айтты. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м.а. Е.Мизамбаевтың айтуынша, ересектер мен балаларға арналған 150 орындық оңалту орталығын «Шығыс» шағын ауданында салу жоспарланған. Қазір ЖСҚ-сы әзірленуде. Сонымен қатар жыл соңына дейін 18 жастан асқан мүгедектігі бар балаларға арналған жартылай стационарлық үлгідегі оңалту орталығының жобасы дайын болады.
Тұрғындар бизнесті қолдау, балалар алаңдары мен спорт алаңдарын салу, балалар спортын қолдау, смарт-аялдамаларды жөндеу мен күтіп ұстау, ПИК жұмысы, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару және т.б. мәселелер жайлы сұрақтарын қойды. Әр мәселе бойынша түсініктемелер берілді, кейбір азаматтар өтініштерін жазбаша түрде қалдырды.