
Бүгін Жетісу облысында денсаулық сақшыларына құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, мамандығына адалдығы мен қажымас еңбегі үшін алғыс айтты. Он төрт номинация бойынша жеңімпаздар марапатталды, сонымен қатар бірқатар медицина қызметкерлеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Б. Римова атындағы облыстық драма театрының сахнасында құттықтау сөз сөйлеген Б. Исабаев денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық инфрақұрылымды жақсарту және медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, биылдан бастап лауазымдық жалақыға түзету коэффициенттерін белгілеу арқылы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтерудің бірыңғай тәсілдері әзірленген. Соның арқасында дәрігерлердің жалақысы ауылдық жерлерде орта есеппен 511 мың теңгеден, ал орта медперсоналдың жалақысы 291 мың теңгеден, ал қалаларда тиісінше 504 мың мен 268 мың теңгеден асты.
- Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізге орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар. Адамның денсаулығы мен өмірі – қоғамда ең басты құндылық, ұлт саулығы – баға жетпес байлық. Сіздерді денсаулық сақшысы, күн сайын ерен ерлік жасайтын бейбіт күннің батырлары деп білеміз. Жұмыстарыңызға жай ғана міндет деп қарамай, халыққа жылы сөзбен, жүрек мейірімімен, жанашырлықпен қызмет етіп келесіздер. Сондықтан сіздердің Гиппократ антына, адамгершілік мұраттарына адал, ізгі еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық, - деген облыс басшысы денсаулық саласы қызметкерлеріне тілегін білдіріп, марапаттау рәсімін атқарды.
Бірқатар медицина мамандары облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды, сондай-ақ 14 номинация бойынша үздіктер анықталды.
«Стационардың үздік дәрігері» номинациясы бойынша облыстық көпсалалы балалар ауруханасының Анестезиология-реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Бек Бегімбетов, ал емхананың үздік дәрігері аталымын Панфилов ауданының көпсалалы ауруханасының жалпы практика дәрігері Анар Рақымбек жеңімпаз атанды. Талдықорған қалалық ауруханасы үздік медициналық мекеме, Көксу ауданының Көксу станциясы үздік дәрігерлік амбулатория, Қаратал ауданының Үшкөмей ауылының медициналық пункті үздік медициналық пункт болып танылды. Бірқатар мамандар «Үздік фельдшер», «Үздік эпидемиолог», «Үздік стационарлық медбике», «Емхананың үздік медбикесі» және т.б. номинацияларда жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысына 500 мыңнан 5 млн. теңгеге дейінгі сомаға ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Сонымен қатар Панфилов, Алакөл, Кербұлақ, Ақсу және Көксу аудандарының 5 медициналық мекемесі жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілттерін алды.
Жалпы қазіргі кезде облыста 361 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді, оларда 10 мыңға жуық медицина қызметкері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынды. 2023-2025 жылдары ұлттық жоба аясында және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 17 млрд.теңгеге 116 медициналық нысан салынады. Бұл медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға ықпал етеді.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Тек биылдың өзінде осы салаға бюджеттен 89,0 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында биыл жергілікті бюджет қаражатынан 253 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алуға 4,4 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Осы жылы өңірдің 24 елді мекенінде, негізінен ауылдық жерлерде жалпы сомасы 1,3 млрд.теңгеге 27 блокты-модульді кешен орнату жоспарланған. Сондай-ақ тағы 6 нысанның құрылысына 2 млрд.теңге бөлінді. Атап айтқанда, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 250 келушіге емхана, Ақсу ауданы Сағабүйен ауылында 25 келушіге дәрігерлік амбулатория, Алтынарық ауылында медпункт, Алакөл ауданы Қамысқала ауылында және Панфилов ауданының Шежін ауылында 2 ФАП және Талдықорған қаласында құрылыстар жүруде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.