
Мемлекеттік қолдаудың көмегімен Жетісу тұрғыны қымызхана ашуға ниетті. Өзі жылқы өсірумен айналысатын кәсіпкер бизнестегі алғашқы қадамын «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан бастап, мұнан соң ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға арналған «Игілік» бағдарламасымен несие алып, оған жылқы сатып алған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім, бұл қиын болса да, пайдалы іс. Халық таза өнім тұтынғысы келеді, сұраныс бар. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларына жүгініп, жеке бизнесімді ашуға бел байладым. Алдымен тегін курстан өтіп, бизнес негіздері бойынша білім алдым, енді өз ісімді ашуды қолға алып отырмын. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан несие алып, іс бастадым, - дейді кәсіпкер Айкамал Хамит.
Кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының мәліметінше, Ескелді ауданы Ақын Сара ауылының тұрғыны Айкамал Хамит 6%-пен 4 млн. теңге көлемінде несие қаражатын алып, 12 жылқы сатып алған, қазір жылқы өсіріп, қымыз өндірумен айналысып отыр. Бүгінде оның шаруа қожалығында 18 жылқы бар. Бірақ кәсіпкер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару конкурсын ұтып, ауылда қараусыз қалған ғимаратты өз күшімен қалпына келтірді. Бұл ғимаратта қазір шаштараз, наубайхана орналасқан, осы жерде «Қазпошта» АҚ филиалы да жұмыс істейді.
Мысалы, ауданның 4 елді мекенінің тұрғындары үшін наубайханада күн сайын 250-ден 500-ге дейін нан пісіріледі. Ауыл тұрғындары шаштараз қызметіне де жиі жүгінеді.
«Ауыл тұрғындары үшін мұндай шағын бизнес аса маңызды. Қазіргі уақытта кәсіпкер 5 тұрақты жұмыс орнын құрды», - дейді өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы басқарушы директорының салалық даму жөніндегі орынбасары Бекмұрат Мұсахан.
Енді бизнесмен жылқы санын көбейту үшін «Ауыл аманаты» несиелеу бағдарламасының 2,5%-бен берілетін несиесінің мүмкіндіктерін пайдаланғысы келеді. Өз қымызханасын ашу үшін қымыз өндіру көлемін де ұлғайтуы тиіс, бұл өз кезегінде ауылдық жерде ашылатын жұмыс орындары санының өсуіне оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ ол 5 млн.теңгеге дейін өтеусіз грант конкурсына қатыссам деп отыр, жобаны облыстың әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы сүйемелдейді.
Жалпы Жетісу облысында 30 ауылдық округтан 562 тұрғын ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға өтініш берген, қазіргі кезде 3 млрд. 286 млн. теңгеге пул қалыптастырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.