
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгін кезекті рет азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға барлығы 13 адам жазылды, олардың әрқайсысына сауалдарының шешіміне қатысты мән-жайлар заңнамалық тұрғыда түсіндірілді. Сонымен қатар облыс әкімі өзекті мәселелерді шешу бойынша жауапты қызметкерлерге тапсырмалар берді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жеке қабылдауда облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, сондай-ақ бірқатар аудандар мен қалалардың әкімдері бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.
Тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік қордан тұрғын үй бөлу мәселесін қозғады. Апатты тұрғын үй проблемасы да көтерілді. Мәселен, Текелі қаласының тұрғыны Айдар Төлеғұлов бұзуға жататын апатты үйде тұрған. Оның орнына бюджет қаражаты есебінен оған осы үйдің басқа тұрғындары сияқты, конкурс бойынша пәтер сатып алынған. Бірақ ол денсаулығына байланысты 4-қабаттан ұсынылған пәтерден бас тартуға мәжбүр болыпты. Айдар Құнанбайұлы көру қабілетіне байланысты І топтағы мүгедек, сондықтан 2 қабаттан пәтер беруді сұрайды. Жағдайды ескере отырып, облыс басшысы Текелі қаласының әкіміне заңды негізде тұрғынға қажетті тұрғын үй сатып алып беру үшін қайта конкурс өткізуді тапсырды. Сонымен қатар моноқаланың тағы бір тұрғыны, үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Нұрдана Мақсұтқа да әлеуметтік көмек көрсетуді тапсырды. Ол тұрғын үйге кезекте тұр, кезек реті 420-шы, қазір пәтер жалдауға мәжбүр, әлі 3 жасқа толмаған екі егіз баласы болғандықтан әзірге жұмысқа шығудың да мүмкіндігі жоқ. Ай сайын 120 мың теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алады, бірақ пәтерақы төлеу қосалқы жүк болып отырған дейді ол. Текелі қаласында салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қарқынын ескерсек, бұл азаматтың кезегі шамамен 2-3 жыл ішінде келеді. Текелі қаласының әкімі Алмас Әділдің айтуынша, маусым айының басында 40 пәтерлі үй пайдалануға беріледі, тағы бір үй салынып, құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар 40 және 60 пәтерлі үйлердің ЖСҚ-сы әзірленуде. «Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен тезірек қамтамасыз ету үшін бүкіл облыс бойынша тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру қажет. Оған біз кірісіп жатырмыз. Тек бір Талдықорғанның өзінде ғана биыл 51 көппәтерлі үйді пайдалануға береміз, бұл кезекте тұрғандарға 2 мыңға жуық пәтер беріледі деген сөз, - деп атап өтті Б.Исабаев.
Алакөл ауданы Қабанбай ауылының тұрғыны Ербол Ақшолақов ауылдың дамуына қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Соның ішінде мәдениет үйінің жылу жүйесіндегі проблемалар, ауылдағы 3 мектептің бірінде спорт алаңының жоқтығы, бірнеше көшені сумен жабдықтау мәселелерін көтерді. Аудан әкімі А. Әбдіновтің айтуынша, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді, өткен жылы екі жаңа қазандық сатып алынған, оның біреуі резервтік. Орталық сумен жабдықтаудың жоқтығы ауылдың 7 көшесіне қатысты. Қазір осы өзекті мәселені шешу үшін ТЭН әзірленуде. Облыс әкімі жақында тағайындалған облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы А.Қанағатовқа ауданға барып мәселені егжей-тегжейлі қарауды, барлық қажетті шаралар қабылданғанымен, ауылдық мәдениет үйіне жылу неге берілмегенін анықтауды, сондай-ақ сумен жабдықтау мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Спорт алаңын салуға келетін болсақ, оған дайындалған арнайы учаске бар. Енді бұл іске инвесторларды тарту қажет. Бұл бағытта аудан әкіміне тиісті тапсырма берілді.
Ал Бақтыбай ауылының тұрғындары Эльвира Гагарина мен Райфа Хамзина Алматы – Өскемен республикалық автотрассасының құрылысы кезінде келтірілген залал үшін өтемақы алу мәселесін қозғады. Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының әкіміне тұрғындар жиынын ұйымдастырып, жол салу кезінде қандай да бір зиян шеккен жеке меншік объектілерін комиссиялы түрде анықтауды тапсырды. Бұл ретте тұрғындар сот органдарына жүгінуі қажет.
Сондай-ақ өңір тұрғындары жайылымдық жерлерді, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін алу, дренаждық арналарды тазарту, суармалы сумен қамтамасыз ету және т.б. мәселелерді көтерді. Өтініш білдіргендердің әрқайсысымен жан-жақты әңгіме жүргізіліп, заңнама аясындағы мүмкіндіктер егжей-тегжейлі түсіндірілді. Барлық өтініштер хаттамаға енгізіліп, өңір басшысы бұл сұрақтарды жеке бақылауына алатынын айтты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі