Талдықорғандағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 120 адам барады

Талдықорғандағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 120 адам барады

Талдықорғандағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы күн сайын қаланың 120 белсенді зейнеткеріне тегін қызмет көрсетеді. Тек өткен жылдың өзінде орталық 73 мыңнан астам қызмет көрсетті. Мұнда денсаулығын нығайту мақсатында егде жастағы адамдарға арналған түрлі сауықтыру, білім беру, спорттық және ойын-сауық бағдарламалары іске асырылады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, орталықты «Талдықорған өңірлік жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры» қоғамдық қоры құрып, орталық өз жұмысын өткен жылдың наурыз айында бастаған болатын. Биыл ашық конкурста жеңіске жетіп, қор қарт адамдарға 41 млн. теңгеден астам сомаға әлеуметтік қызмет көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алды. Соның арқасында орталыққа келушілер қазақ және ағылшын тілдерін үйреніп, йогамен, вокалмен және қолөнермен айналысып, скандинавиялық жүрісті игере алады. Орталықта 120 орындық психологиялық жеңілдету кабинеті, компьютерлік сынып бар, ал «Өркен» спорт кешенінің базасында жүзу сабақтары ұйымдастырылған. Орталықта «Алтын жас» хор студиясы жұмыс істейді. Барлық ниет білдірушілер үстел теннисі, дойбы, шахмат, бочче ойынын, жаттығу залында және ашық аспан астына йога, фитнес және би жаттығуларын үйрене алады.

Сондай-ақ орталық қызметкерлері егде жастағы тұрғындар үшін мерекелер мен демалыс іс-шараларын тұрақты түрде ұйымдастырады. Өткен жылдың өзінде олар 30-ға жуық мәдени-бұқаралық іс-шара өткізді.

- Орталыққа бару арқылы егде жандар өздерінің физикалық және моральдық-психологиялық денсаулығын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар уақыттарын тиімді әрі белсенді өткізеді, жаңа машыққа үйренеді,  өзара достасады, араласатын ортасының аясын кеңейтеді. Біз барлық ниет білдірушілерді күтеміз. Бізде әркім өз қалауына қарай қызығушылығын шыңдап, сабақ алып, уақытты тиімді өткізе алатынына сенімдімін. Биыл орталыққа келушілердің тілегін ескере отырып, массаж кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді «Талдықорған өңірлік жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры» ҚҚ және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Светлана Сәдуақасова.

Белсенді өмір сүру орталығының мекенжайы: Талдықорған қаласы, І.Жансүгіров көшесі, 226, байланыс мәліметтері:  8 (7282) 22-02-00, fsz@mail.ru. Арнайы әлеуметтік қызмет алу үшін Тадықорған қаласының зейнет жасындағы тұрғындары хабарласа алады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.