
Өз бизнесін бастағысы келетін немесе бар бизнесін одан әрі кеңейтуге ниетті жастарға 2023 жылғы наурыздан бері 2,5 процентпен несие беріле бастады. Жеңілдікпен берілетін несиені 21 мен 35 жас аралығындағы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жылдан аспаған жастар ала алады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жастарға арналған шағын несиелеу бағдарламасы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы іске асырылады. Несие сомасы – 5 млн теңгеге дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 %. Бұл орайда несие мерзімі жастардың айналысатын жұмыс түріне байланысты. Мысалы, кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысса, онда несиелеу мерзімі – 7 жылға дейін, ал бизнестің басқа бағыттарына 5 жылға дейін беріледі.
Бизнесті қолдау бағдарламасына қатысу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» өңірлік филиалына жүгініп, құжаттар өткізу керек. Аталған бағдарлама туралы нақтырақ ақпараттарды «Атамекен» ҰКП аудандық және қалалық филиалдарынан білуге болады.
Бүгінгі күнге 666 010 мың теңгеге 139 өтініш түскен. Соның 404 830 мың теңге болатын 87-сі қаралды. Комиссия 286 830 мың теңге сомасына 63 өтінішті мақұлдады.
Талдықорған қаласында өтінішті мына мекенжайға беруге болады: Талдықорған қаласы, 7-ші шағын аудан, 10-үй, «Көктем Гранд» бизнес орталығы, анықтама тел.: 8 701 006 16 42.