
Панфилов ауданында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3 пайызға өсіп, 70,7 млрд. теңгені құрады. Аудан шаруашылықтары 26,6 мың гектар жерге жүгері егуді жоспарлап отыр. Бұл облыстағы жалпы жүгері егістігінің 60 пайызға жуығы. Бүгінгі күнге ауданда бұл дақыл 8 500 гектарға егілген. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында баяндама жасаған облыс әкімі «Кең-Дала», «Агробизнес» бағдарламалары шеңберінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге аудан шаруашылықтарына 171,7 млн. теңге сомада 12 шағын кредит берілгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл әлі де жеткіліксіз. Сол сияқты ауданда халықтың қажеттілігіне 133,4 мың гектар жайылым керек. Бірақ өткен жылы ауданда жер беру бойынша конкурстар өткізілмеген, биыл тек 1 конкурс өткізілді, оның нәтижелері бойынша 79,2 гектар жер берілген. Осы орайда Бейбіт Исабаев: «Аудан әкімдігі жерді түгендеуді аяқтап, жерді басқару картасын өңірлік геоақпараттық жүйемен байланыстырылуын қамтамасыз етсін. Барлық ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер туралы мәліметтер, жер комиссиясының жұмысы ашық түрде жарияланып, халыққа қол жетімді болуы керек», - деп қадап айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, ауданның тағы бір әлеуеті - бау-бақша шаруашылығы. Облыс бақтарының 42 пайыздан астамы - 2,3 мың гектары осы аудан аумағында орналасқан. 1004 гектар алқап бағы бар «Жаркент Фрукт» серіктестігі - өңірдегі ірі бау-бақша шаруашылығы. Алайда ауданда әлі күнге дейін жеміс-жидек өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар жоқ.
- Аудан ауыл шаруашылықтағы бар потенциалын пайданалбай отыр, өсірілген жеміс-жидек, көкөніс, ет пен сүт шикізат ретінде сатылады. Аталған өнімді қайта өндейтін бір де бір кәсіпорын, цех жоқ, бұл бағытта жұмыс дұрыс қолға алынбай отыр. Сондықтан ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуді жолға қою бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, инвесторларды тарту шараларын қабылдауды тапсырамын, - деді Бейбіт Исабаев тиісті басқарма мен аудан әкімдігіне қарата. Сол сияқты кейбір шаруа қожалықтарының бағаның өсуін күтіп дер кезінде сатпаған жүгері өнімін өткізу мәселесін шешу жолдарын шұғыл іздестіруді міндеттеді.
Жалпы инвестиция тарту жағынан аудан облыста 11 пайыз үлесімен 4-ші орында, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,1 млрд. теңгені құрап, 1,7 есе өскен. Биыл ауданда 172 жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 3,4 млрд. теңге болатын 8 жобаны іске асыру жоспарлануда. «Майами Солар» компаниясының күн панельдерін шығару бойынша және «Unity birlyk group» компаниясының металл бұйымдарын өндеу бойынша ірі жобаларды іске асыру аудан экономикасына 2,1 млрд. теңге тартуға және
50-ден астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Өз сөзінде Бейбіт Исабаев биылғы жылдың 24 сәуірінде үш жылдық үзілістен кейін «Қорғас» ШХЫО өз жұмысын қайта бастағанын айтты. Ашылғаннан бері орталыққа 19 мыңнан аса турист келген. Орталық жұмысы облыстың басқаруына берілді. Облыс басшысы орталықтың жұмыс режиміне қандай жаңа өзгерістер енгізілгеніне тоқталды. Сондай-ақ баяндамада айтылғандай, облыстың даму көздерінің бірі «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында әзірге 12 қатысушы 49 млрд. теңге сомаға өз жобаларын іске асырған. Сонымен қатар жалпы сомасы 330 млрд. теңгені құрайтын, 1 мың гектар жерге «өнеркәсіптік қала құрылысы» ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы жылда келісімге қол қою мүмкіндіктері талқыланып жатқанын да атап өтті.
Бейбіт Исабаев шекара маңында шағын және орта бизнестің дамуы қарқынды болуы керектігін айтты. Өткен жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға аудан кәсіпкерлері бар-жоғы
29 жоба ұсынып, 356,3 млн. теңгеге қаржыландырылған. Ауылдық жерлерде тұрғындар «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік қолдаудың барлық механизмдерін пайдаланып, тиімді шарттармен ұсынылған бағдарламаларға қатысуын белсенді жүргізу керек.
Өз баяндамасында облыс әкімі халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Мәселен, Нұркент қаласындағы 6 көпқабатты үй, яғни 400 пәтер және Жаркент қаласындағы 60 пәтерлі екі кредиттік тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Жобалаудың сапасыздығы мен мердігердің жауапсыздығынан құрылысы бітпеген тұрғын үйлерді ары қарай салуды жалғастыру жұмыстарын ширату үшін тиісті тапсырмалар берілді. Сол сияқты жол жөндеу, газдандыру, ауыз сумен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында атқарылған жұмыстар мен жоспарлары жайлы егжей-тегжейлі айтылды.
Осы жиында өткен жылғы кездесуде халықтың көтерген мәселелері мен сұрақтарының шешілу барысы да кеңінен баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, сол кезде көтерілген 21 мәселенің 6-уы шешімін тапты. Атап айтқанда, елді мекендер абаттандырылып, Жаркент қаласындағы Сыпатаев және Ходжамияров көшелерін күрделі жөндеу негізінде Тышқан өзенінен көпір салынатын болды. Жаркент қаласының Абай көшесінің төменгі бөлігін орташа жөндеу осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Ол үшін облыстық бюджетте 20,8 млн. теңге қарастырылған. Кішішыған ауылының электр жүйесін жөндеу жұмыстары 2022 жылы мамыр айында басталып, толықтай аяқталды. Көктал ауылын электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізілу үстінде. Сондай-ақ жылыту маусымы кезінде аудан тұрғындарын көмірмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіп, қатты отын бағасының көтерілуіне жол бермеу бағытында жұмыстар атқарылған. Айдарлы ауылдық округі жеріндегі «Ал Сүт» серіктестігіне инвестициялық жобаны іске асыру үшін берілген 2400 гектар жерді қайтарып алу мәселесі сот қарауында. Айдарлы ауылының маңайында «Рамазан» шаруа қожалығына инвестициялық жоба үшін берілген 524 гектар жайылым жердің 384 гектары қайтарылды. Жер учаскелері осы жылдың 30-шы маусымына дейін мемлекет меншігіне енгізілетін болады. Ал тұрғындар көтерген 12 сұрақ бойынша жұмыс жалғасуда.
Облыс әкімінің баяндамасынан соң кездесу тұрғындардың сауалымен жалғасты. Жалпы залдан 20-дан астам адам сұрақ қойды. Мәселен, Сарытөбе ауылының тұрғыны Сатыбалды Жаманқұлов ауылға жаңа мектеп қажет екенін айтса, Алмалы ауылының тұрғыны Серікбай Мұқаев та 424 орындық мектеп балаларға тарлық етіп отырғанын тілге тиек етті. Ал Карим Таиров есімді азамат Крупская атындағы №6 мектепке жасалған жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтты. Ал Қоқаби Сұлтанғазы есімді ардагер Жамбыл атындағы орта мектепке садион салу мәселесін көтерді. Сондай-ақ Жұмабала Ашимова балаларға демалыс лагері керектігін жеткізді. Білім саласының осы түйітклді мәселелері сол жерде мамандармен бірге талқыланды. Белгілі болғандай, қазір 60 орындық балалар лагеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу белгіленіп, оған қаржы қарастырылған. Бірақ бір ауданға 60 орындық лагерьдің аздық ететінін айтқан Бейбіт Исабаев келесі жылға тағы бір лагерь құру жағын ойластыруды тапсырды. Сол сияқты Сарытөбе ауылындағы мектепке 60 орындық деп бюджеттік өтінім берілген, дегенмен мектепте қазірдің өзінде 130-дан астам бала оқитынын және болашақтағы бала санының өсу қарқынын есепке ала отырып, мектептің жобасын 110 орындық деп қайта жасау тапсырылды. Алмалы мектебінің жөндеуін келесі жылдың бюджетіне енгізу қарастырылады. Ал Крупская атындағы мектептің аяқталған жөндеу жұмыстарының жай-күйін сұрақ қоюшымен бірге арнайы мамандар барып көріп, қорытынды жасамақ. Жамбыл атындағы мектепке стадион салудың ЖСҚ-сына қаржы бөлуге сұраныс берілген, қаралады.
Сол сияқты аудандағы автодронның жұмыс істемей тұрғанына, орталық базар ішінде автокөліктер қозғалысының шамадан тыс жүктемесіне, Жаркенттегі Шамиев көшесіне жаяу жүргінші жолы керектігіне т.б. бірқатар мәселелерге қатысты сауалдар қойылды. Аудан әкіміне бұл мәселелердің барлығын жергілікті деңгейде шешу тапсырылды.
Сондай-ақ осы күні облыс әкімі азаматтар үшін жеке қабылдау өткізіп, 10 азаматтың өтініштерін тыңдады. Олар негізінен жер мен тұрғын үй беру, мектепті жөндеу, әлеуметтік көмек мәселелерін көтерді. Сұрақ қоюшыларға заң аясында атқарылатын шаралар түсіндіріліп, мәселелердің шешімін қарастыруға аудан әкімі міндеттелді. Әрбір мәселе бойынша қабылданған нақты шаралар туралы облыс әкіміне белгіленген мерзімде хабарланатын болады.
Панфилов ауданына барған сапары барысында Бейбіт Исабаев Жаркент қаласындағы «Раушан» кәсіптік оқыту орталығына барды. Бұл орталық Талдықорғанда іскер әйелдер форумында айтылған бастамадан кейін жұмыспен қамту бағдарламасы аясында құрылған болатын. Мұнда тігін, шаштараз мамандықтарына 44 адам - тігінде 23 қыз-келіншек, шаштараз кәсібіне 21 адам оқып жатыр. Алдағы уақытта аспаз мамандығына оқыту басталады. Мұндағы дәріс алушылар үш ай оқып, арнайы сертификат алып шығады. Кәсіптік біліммен қатар орталықта бизнес негіздеріне де оқытады. Үш ай көлемінде оларға арнайы стипендия да төленіп отырады.
Кәсіп меңгерушілермен тілдескен облыс әкімі олардың тіккен бұйымдарымен танысып, оқу бітіргеннен кейінгі жоспарлары туралы сұрап білді. Сонымен қатар аудан әкіміне осы оқушылар оқуын аяқтағаннан кейін бизнес гранттар алып, істерін бастауға жәрдемдесу керектігін айтты.
Мұнан соң «DME» тігін шеберханасында болып, ондағы шеберлердің қолынан шыққан құрақ көрпелер, ретро стильдергі киімдер, сөмкелер, бесік жабдықтарын көріп, жұмыс барысын сұрап білді. «Раушан» оқыту орталығындағы қыз-келіншектер осы шеберханадан іс тәжірибеден өтеді. Мұнда қазір 10 адам жұмыс істейді. Шеберхана директоры Мадина Дүйсебаеваның айтуынша, тәжірибеден өткендер ішінен бірнеше жасты іріктеп алып, жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Тұрғындар мен мекемелердің құрақ көрпеге, ұлттық киімдерге деген сұранысы жоғары. Сол сұранысты орындауға тігіншілер бар күш-жігерін жұмсап келеді. Жуырда Астана қаласында өтетін «Аламан құрақ» жобасына осы мекеменің шеберлері қатысып қайтпақ. Қазір соған қызу дайындық жүріп жатыр. Облыс әкімі басқа аудандарда да әйелдерді жұмыспен қамтуға бағытталған осы үлгіде шеберханалар ашуды қолға алу керектігін айтты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.