
Жетісу облысы әкімдігінің жанындағы
үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысы туралы ақпарат
Ү.ж. 28 сәуірде Жетісу облысы әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Аталған Кеңес - облыс әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Кеңес қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы қарым-қатынасты қамтамасыз ету, қоғамдық ұйымдардың қалыптасуы мен дамуына жағдай жасау, оларды жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау негізінде қоғамның әлеуметтік маңызды проблемаларын шешудегі ролін күшейту үшін құрылған.
Құрамында әділет департаментінің, ҮЕҰ жұмыс істейтін басқармалардың басшылары, облыстық қоғамдық кеңестің, ардагерлер ұйымының төрағалары, Жетісу облысының Азаматтық альянсы, белсенді ҮЕҰ бар.
Жалпы, Жетісу облысында 377 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 308-і ҮЕҰ-дың Дерекқорына өз мәліметтерін тапсырды. Жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ ең көп саны Талдықорған қаласында орналасқан (198). Ең азы Көксу, Кербұлақ (8 ҮЕҰ) аудандарында.
Кеңес отырысында Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандарында жергілікті атқарушы органдарының үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі жұмыстары және гранттық қаржыландыру мәселелері қарастырылды.
Бүгінгі таңда үкіметтік емес сектор - бұл әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді серіктесі. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс - қимылдың маңызды нәтижелерінің бірі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру шеңберінде бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыру болып табылады.
Гранттық қаржыландыру неғұрлым икемді тетік болып табылады және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен салыстырғанда халықаралық ұйымдармен ұқсас (USAID, Сорос қоры, ФЕЦ, Фридрих Эберт қоры және т.б.). ҮЕҰ-ға әлеуметтік жобалар түрінде өз бастамаларын ұсынуға басымдық береді. Тетік 2016 жылдан бастап енгізіліп, бірыңғай оператор «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ арқылы іске асырылады.
Осыған орай, биылғы жылы бәсекелестік орта арқылы келесі бағыттардағы жұмыстарды ҮЕҰ-ға беру ұсынылды:
1) Жастар волонтерлік қозғалысын дамыту;
2) Көңілді тапқырлар ойындарын ұйымдастыру;
3) Жастар арасында пікірталас қозғалысын дамыту;
4) Балалар үйінің түлектерін қоғамға бейімдеу және қолдау;
5) Жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткі заттарын қолдану және нашақорлықтың алдын-алу шаралары;
6) Ұлттық құндылықтар және патриоттық тәрбие.
Осы ретте, қоғамдық даму басқармасы жоғарыда аталған 6 жобаны 63 млн. теңге қаржысымен, алғаш рет ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда.