
Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес өткізілді. Онда Мемлекет басшысының 19 сәуірдегі жиында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жоспарлары талқыланып, өңірдегі жүйелі проблемалық мәселелерді шешу жолдары сөз болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға ауылдық округтер мен аудан әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары онлайн және оффлайн режимде қатысты.
Өз жетекшілік ететін салалары бойынша облыс әкімінің орынбасарлары баяндама жасады. Онда негізінен проблемалық мәселелер мен оларды шешу механизмдеріне баса назар аударылды.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларындағы мәселелер мен даму жоспарына тоқталды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірісін биыл 544,2 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ауыл азаматтарының шаруасын ілгерілетуге «Ауыл аманаты», «Үлкен жобалар» сияқты бағдарламалардың аясында мемлекеттен қолдау көрсетуге тиісті қаржы бөлінген. Осы жылы 11 су шаруашылығы объектісін жөндеуге бюджеттен 6,9 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ә.Жақанбаев өз сөзінде ауыспалы егіс талаптарын сақтау, тауарлы сүт фермалары мен бордақылау алаңдарының жүктемесін қамтамасыз ету, өнім өңдеу бойынша инвестициялық жобалар ұсыну, құрылыс жұмыстарының сапасы және басқа да бағыттарда аудан, қалалардың кемшіліктерін талдап-таразылап берді. Құрылыс саласында құрылыс сапасын мен
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасарлары Ернат Бәзіл мен Рустам Әли де сөз алды. Е.Бәзілдің хабарлауынша, жыл басынан бері өңір экономикасына 26% өсіммен 27 млрд. теңге инвестиция тартылған. Биылғы жылы жоспар бойынша құны 64 млрд. теңге болатын, 1 мыңға жуық жұмыс орнын құратын 53 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Дегенмен, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен Талдықорған индустриалды аймағына инвесторлар тартуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Оған қоса жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыру да маңызды. Осы ретте бағаны тұрақтандыру үшін облыста 4 млрд. теңге бөлінген, соның 1,2 млрд. теңгесі тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бағытталып отыр. Қазір өңірдің тұрақтандыру қорында 3,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бар. Е.Бәзіл сол сияқты инфрақұрылымдарды жақсарту мәселесі мен инженерлік жүйелердің жай-күйіне де талдау жасады.
Р.Али білім беру сапасы, ауыли және қала мектептері арасындағы алшақтықты жою, оқушылардың қауіпсіздігі, денсаулық сақтау ұйымдарының кредиторлық қарыздарын болдырмау шаралары, жастарды жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік мәселелер жайлы баяндады.
Жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, Сарқан аудандық мәслихатының төрағасы Марат Разбеков депутаттардың атқарушы органдармен сындарлы диалогы, халықтың мәселесін көтерудегі белсенділігі жайлы пікір білдірді. Сол сияқты қаланы абаттандыру мәселесіне қатысты Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев, аймақтағы өзекті мәселелердің себептері мен шешімдері, ауылдықтардың ұлттық жобаларға қатысу белсенділігі жайлы Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов және бірқатар ауылдық округтер әкімдері баяндап берді.
Елімізде қолға алынып жатқан реформалардың түпкі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту екеніне тоқталған Бейбіт Исабаев осы жиында қол жеткен жетістіктерді айтқаннан гөрі түйінді проблемаларды көтергенді дұрыс көргенін, сондықтан барлық тыңдалған баяндамаларда негізінен мәселе мен оның шешімі талданғанын атап өтті. Президент айтқан басымдықтарды негізе ала отырып, тиісті сала басшыларына он бір бағытта нақты тапсырмалар берді.
- Бізде облыс халқының 56 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан тұрғындардың әл-ауқаты ауыл шаруашылығының даму деңгейімен тығыз байланысты. Бұл ретте ауыл шаруашылығына салынатын инвестиция көлемін ұлғайтымыз керек. Тауарлы сүт фермалары мен мал бордақылау алаңдарына қатысты инвестициялық жобаларды нақты жүзеге асыру қажет. Және ет-сүт өнімдерінің терең өңделуіне баса назар аударыңыздар, - деді Б.Исабаев.
Сол сияқты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне көңіл бөліп, инвестициялық жобаға қажет деп алынған жерлерде расында сол жоба жүзеге асырылды ма, жоқ па, бұл мәселені жергілікті әкімдер зерделемейтінін сынға алды. Өңірлік геоақпараттық жүйеге енгізілген барлық суару каналдары туралы ақпараттарды барынша толықтырып, олардағы судың көлемін, деңгейін, суару желілерінің тозуын, басқа да маңызды жай-күйін дрон арқылы бақылап отыруды тапсырды. Субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктерді болдармау үшін субсидия бөлудің заңдылығына, мемлекеттік субсидия алушылардың келісім талаптарын орындау барысына мониторингті күшейту керек. Сол сияқты аймақтарға, әсіресе «Қорғас» арнайы экономикалық аймағына, «Қорғас - Шығыс қақпасы» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығына инвесторлар табу аса маңызды. Өз нарығымызды өзімізде өндірілген азық-түлікпен қамтамасыз ету инфляцияны тежеуге ықпалды етеді. Бұл ретте жоспарланған екі көкөніс қоймасы биыл күзде дайын болуы тиіс. «ТАТЭК» мекемесіне қатысты да пікірін білдірген облыс әкімі жылу жүйелерін жөндеуге жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін атап өтті.
Сондай-ақ Бейбіт Исабаев жекелеген аудандардағы сапалы ауыз су мәселесін шешу, қалаларды, елді мекендерді, аулаларды абаттандыру, маңызды учаскелердегі жол жөндеу мәселелері бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Облыс әкімі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, биыл 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар үшін жеңілдікпен 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 1,2 млрд. теңге сомада 249 микрокредит беру жоспарланған. 588 адамға 400 айлық есептік көрсеткішке дейін мемлекеттік гранттар беруге 811,4 млн. теңге бөлінді, оның 212-сі жас кәсіпкерлерге беріледі. Әсіресе, «Ауыл - аманаты», «Ауыл – ел бесігі» жобалары шеңберінде және инвесторлар арқылы жұмыспен қамтуды күшейту қажет. Бұл ретте өмірде өз орнын таппай жүрген жастарды белгілі бір кәсіп жолына бағыттауға, оларды жұмыспен қамтуға, тұрмыстық қолайлы жағдай туғызуға басымдық берілуі тиіс. Микрокредит алу, мемлекеттік қолдау механизмдері, ауылдық тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобалар жайлы ақпараттарды ең шалғай ауылдардың тұрғындарына дейін жеткізу керектігін баса айтты.
Сондай-ақ биылғы жаңа оқу жылында бірінші кезекте облыс орталығы, қала, аудан орталықтарындағы жалпы білім беретін 250-ден астам мектепте жасөспірімдерге әдеп-құқықтық тәрбие беру ментор штаты енгізіледі, оған 266,2 млн. теңге бөлінді. Бұл балалардың тәрбиесіне оң ықпал етуі тиіс. Осы ретте облыс басшысы білім саласындағы жемқорлыққа жол берілмей, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы қатаң қадағалануы керектігін қатаң ескертті.
Денсаулық сақтау басқармасына саладағы жүйелі сипаттағы проблемалардың түпкі себептеріне талдау жасап, ауруханалар жұмысын дұрыс жолға қою шараларын қабылдауды тапсырды.
Облыс әкімі аудан және ауылдық округтер әкімдеріне жаңа реформаларды іске асыру үшін жергілікті жерлерде жұмыс істеу тәсілін өзгерту керектігін баса ескертті:
- Жергілікті жерлерде әкімдердің тұрғындармен кездесуі ескі сарыннан толық арыла қойған жоқ. Әлі де болса, халыққа тек жалаң цифрдан тұратын баяндаманы судыратып оқып беретін әріптестер аз емес. Бірыңғай қасаң көрсеткіштерді тізбелемей, халыққа жағдайды түсінікті, ұғынықты тілмен жеткізу керек. Менің аудандардағы кездесулерімде тұрғындар жергілікті әкімдердің құзырына жататын проблемаларды жиі көтереді. Неге? Себебі азаматтардың айтқан проблемаларын егжей-тегжейлі зерттемейсіздер. Сосын тұрғындар мәселелерін сіздердің шешіп беретіндеріңізге сенбейді. Қараңыздар, зерделеңіздер, облыс деңгейінде ғана шешілетін мәселе болса, бізге айтыңыздар, мәселе көтеріңіздер, - деді Бейбіт Исабаев аудан, қала әкімдеріне қарата.
Депутаттарға қатысты да өз ой-пікірін білдіріп:
- Депутаттар ең алдымен жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғауы тиіс. Аймақтарды дамыту басымдықтарын айқындауға, бюджетті қалыптастыруға белсене қатысуы керек. Тақырыптар қызу талқыланып, алуан пікірлер айтылып, соңында жан-жақты қамтылған тиімді шешімдер қабылданып жатса, жұмысымыз ілгерілейтіні анық. Әр депутат өзі ұсынылған аудандардың тыныс-тіршілігі, шешілмеген жүйелі мәселелері жөнінде тек депутаттық сауал ғана емес, тұрақты депутаттық бақылау, тексеру іс-шараларын қоғам белсенділерімен бірге жүргізсе, оған ешкім қарсы болмас деп ойлаймын, - деді Б.Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.