
Жетісу облысының тұрғыны Айгерім Еркінбекова «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының арқасында өзінің сүйікті ісін бизнеске айналдыруға мүмкіндік алды. Бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырса да үш бала тәрбиелеп отырған жас ана аспаздық шеберлігін жетілдіре түсумен қатар қазіргі уақытта сұранысқа ие десерт түрлерін әзірлеу арқылы айтарлықтай табысқа кенелуде, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Табысты отбасы» жобасының екінші оқыту маусымының түлегі қазіргі уақытта қаладағы сауда үйлерінің бірімен қажетті мөлшерде капкейк, трайфл, тарталетка және эскимо тәттілерін жеткізу бойынша өзара келісімге қол жеткізген.
Сондай-ақ жас кондитер Талдықорған қаласының бірнеше дүкендеріне жаңа піскен самса мен тәтті өнімдерін жеткізіп, үйден торт пен тәтті бәліш пісіріп жүр. Оның айлық табысы 400 мың теңгеге дейін жетеді.
- Әрине бұл әсте оңай шаруа емес. Менің 3 балам бар, оның ең кішісі 5 айлық. Сол себепті ас бөлмесіндегі өзімнің сүйікті ісіммен балаларымды ұйықтатқаннан кейін, көбіне кешкі уақытта айналысамын. Осы тұста жоба аясында алған білімім мен біліктілігім маған айтарлықтай көмегін берді. Шағын да болса өз ісіңді орта жолдан қалдырып кетпей, алып жүру үшін де, үлкен күш-жігер мен мақсат керек. Жалқаулықтан жетістікке жетіп, кәсібіңді ұлғайта алмайсың. Алдағы уақытта өзімнің жеке кондитерлік цехымды ашатындығыма сенемін. Менің жасым 30-ға да толған жоқ, сол себепті мен үшін әлі бәрі алда, - деп, жас ана өз ойымен бөлісті.
Айта кетер болсақ, кондитер тапсырыстарды «Instagram» әлеуметтік желісіндегі maryam_taldykorgan парақшасы арқылы да қабылдайды. Ол осы парақшада сондай-ақ кондитерлік өнімдердің жасалу процесімен және дайын өнімдерімен оқырмандарымен бөлісіп отырады.
Еске салып өтсек, Жетісу облысы бойынша «Табысты отбасы» жобасына 60 тұрғын қатысты. Олардың 22-сі «Бьюти-индустрия» бағыты бойынша, 18-і – «SMM маманы», 10-ы – «Кондитер» және тағы 10 қатысушы «Тігін ісі» бойынша оқып шықты. Жобаға «Samruk-Kazyna Trust қоры қаржылық қолдау көрсетеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.