
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданында болып, аудандық мәслихат депутаттарының келісімен аймақтың жаңа әкімін тағайындады. Аудан басшылығына тағайындалған Берік Тынышбайұлының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар міндеттер қойылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысқан Бейбіт Исабаев Есім Базархановтың өз өтініші бойынша жұмыстан босатылғанын, аудан әкімі лауазымына Берік Тынышбаевтың кандидатурасын ұсынатынын айтты. Оның өмірбаянымен таныстыра келе, білімі мен тәжірибесі мол кадрға өңірдің экономикалық қуатын арттыру бағытында үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Ақсу ауданында бұған дейін де бірқатар жауапты лауазымдарды атқарған азаматтың кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдап, Берік Тынышбаев Ақсу ауданының әкімі болып тағайындалды.
Мұнан соң Бейбіт Исабаев аудан активімен жиын өткізіп, жаңа әкімнің алдына ауыл шаруашылығын өркендету, өнеркәсіп саласына қозғау салу, инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында көптеген тапсырмалар берді.
- 2022 жылдың негізгі көрсеткіштері бойынша аудан облыста соңғы орындарда. Бүгінгі күнге дейін шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблемалық мәселелер әлі де бар. Өткен жылы өнеркәсіпте өндіріс көлемінің 47 пайызға төмендеуіне жол берілген. Бұл жағынан аудан облыста ең соңғы 10-шы орында. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 28 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 млрд. теңгеге, бизнес субъектілерінен де бюджетке түскен түсімдер 21 пайызға азайған, - деп кемшіліктерді жіпке тізіп санамалап берген облыс әкімі аудан әкімдігінде жалған есеп беру фактілері де орын алғанын тілге тиек етті. Соның салдарынан 28 мың тонна қант қызылшасының орнына небәрі 5,3 мың тонна өнім жиналған. Матай ауылдық округінде жер бөлуге байланысты дау туындағаны да әкімдіктің тікелей кінәсі. Осындай кемшіліктері үшін аудан әкімі Есім Базарханов бірнеше рет тәртіптік жазаға тартылған. Соған қарамастан жағдай оңалмағандықтан, Бейбіт Исабаев әкімді орнынан алу туралы шешім қабылданған.
Бұл ретте Берік Тынышбайұлына және ауданның атқарушы органдарының алдына аймақ экономикасын жандандыру, өсу динамикасын қамтамасыз ету міндеттерін қойды. Соның ішінде көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде сапалы атқару, қант қызылшасының егіс алқаптарын төмендетуге жол бермеу, Ақсу қант зауытының басшылығымен бірлесіп, қысқа мерзімде зауытты іске қосу шараларын қабылдау, суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алу тапсырылды.
Облыс әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындарының малын жаю үшін барлығы 195,5 мың гектар жайылымдық алқап бекітілген, оған қосымша тағы 33,3 мың гектар жайылым қажет. Биыл пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жоспары 28 мың гектар, бүгінгі күні небәрі 3,8 мың гектары қайтарылды. Бұған дейін тапсырылғандай, әзірге «Байсерке Агро» серіктестігі 17 мың гектар жерінің 15 мыңын, «Күреңбел» шаруашылығының 9,7 мың гектарынан 366 гектар жерін қайтарған. Бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет. Және де аудандық жер комиссиясының құрамын белсенді азаматтарды тарта отырып бекітіп, жұмысын заң шеңберінде, ашық жүргізу талап етілді.
- Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – басты міндеттің бірі. Сол үшін «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Ауылдық округтерде халық арасында жобаға белсенді қатысу жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керек, - деді Б.Исабаев.
Сондай-ақ осы жылы ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға бюджеттен 4,2 млрд. теңге қаражат бөлініп отырғанын атап өтті. Оған Жансүгіров ауылында тұрғын үйлер, Көшкентал, Көлтабан ауылдарында жаңа мектептер салынып, Ж.Сыдықов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жасалмақ. Құрақсу, Ойтоған және Кеңғарын ауылдарында блокты-модульдік медициналық пункттері орнатылып, Б.Сырттанов, Еңбек, Қарашілік, Есеболатов ауылдарында 11 шақырым ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу үшін 458 млн. теңге қарастырылған.
«Аудан әкімдігіне бөлінген қаражаттың уақытылы игерілуін және объектілерді белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Берік Тынышбайұлының мемлекеттік қызметте де, шаруашылықта да тәжірибесі бар, халық арасында беделі бар, енді өзі туып-өскен жерді өркендетуге бар күш-жігерін жұмсайды деп сенім артып отырмыз. Халықпен жиі кездесіп, жеке қабылдап, ашық жұмыс істеу керек. Елдің ішкі татулығы, береке-бірлігі бәрінен маңызды. Сондықтан көппен бірге, өзара кеңесіп, алдағы міндеттерді бірігіп атқарасыздар деп сенемін», - деді Б.Исабаев.
Актив жиынында ардагерлер де сөз алып, халықты береке-бірлікпен еңбек етуге шақырып, жаңа әкімге барынша қолдау көрсететіндіктерін айтты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.