
Жазға қарай Жетісу облысында инватакси паркінде арнайы жабдықталған көлік саны 36-ға жетеді. Яғни қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейту үшін жергілікті бюджеттен 10 инватакси сатып алуға қаражат бөлінді, сондай-ақ 3 арнайы көлікті «Samuryk-Kazyna Trust» қоры сатып алып, өңірге өтеусіз негізде беріп отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, 10 инватакси сатып алуға бюджеттен 290 млн. теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған, нәтижесі сәуір айының бірінші жартысында белгілі болады. «Шамамен екі айдың ішінде біз Инватакси қызметін сол жаңа машиналармен қамтамасыз етеміз. Оған қоса «Samuryk-Kazyna Trust» қорының арқасында автопарк бүгінде үш заманауи инватаксимен толықты. Сондай-ақ түрлі демеушілердің қолдауына қатысты келіссөздер жүргізілуде», - деді Б.Исабаев.
«Ерлік» тірек-қимыл қозғалысы зақымданған мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты Роза Ақжаркенова жаңа шағын автобустардың ыңғайлы екенін, әсіресе артқы гидравликалық көтергішінің болуы жайлылық туғызатынын айтты. Сонымен қатар салонда жолаушыларды қолайлы, ең бастысы қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік беретін қосымша қауіпсіздік белдігі мен бекіту жүйесі де бар. Атап өтсек, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизанбаевтың айтуынша, инватакси қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің тілек-ұсыныстары жаңа автокөліктерге тапсырыс беру кезінде ескерілген, ал олар айтқан басты өтініш көліктің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігі жөнінде болатын.
- Мүгедектігі бар адамдар үшін Инватакси қызметі жабық кеңістіктен шығуға үлкен мүмкіндік. Қалада жүруге, оқуға, жұмысқа, ауруханаға, дүкенге еркін бара аласыз, яғни мүмкіндігі шектеулі жандарда көлік болса, еркіндігі де бар деуге болады. Сондықтан бұл қызметті дамытуға айрықша көңіл бөлінгені бізді қатты қуантып отыр, - деді Роза Ақжаркенова.
Өңірдегі кедергісіз, қолжетімді орта құру жұмысы тек Инватакси қызметімен шектелмейді. Нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне бейім болуы да басты назарда. Мәселен, талдау жасау барысында 841 нысанның осы талаптарға ішінара бейімделгені анықталды, оларды қайта жабдықтау қажет. Бұлардың дені - мемлекеттік мекемелердің ғимараттары. Мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады, яғни 2-3 жыл ішінде жыл сайын осы мақсатқа кемінде 500 млн.теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Талдықорғанда 150 орындық заманауи оңалту орталығын ашу жоспарланған, қазіргі кезде оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Атап өтсек, аймақтағы Инватакси қызметі 2014 жылдан жұмыс істей бастады. Биыл Жетісу облысында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен Инватакси қызметтерінің саны мен сапасын арттыру үшін 293 млн.теңгеден астам қаражат бөлінді. Инватаксилер жыл басынан бері 13 мыңға жуық шақыру орындаған. Қазіргі уақытта тірек-қимыл аппараты бұзылған І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Инватакси қызметінің 23 автокөлігі тасымалдайды. Қордың қолдауының арқасында олардың саны қазір 26-ға дейін өсті. Айта кетмек, Инватакси қызметтерін алу үшін өтінім бір күн бұрын инватакси қызметін көрсететін ұйымға телефон арқылы беріледі. Өңірде Инватакси қызметінің қызметін 15 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады.