Бейбіт Исабаев Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын тексерді

Бейбіт Исабаев Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын тексерді

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданына сапары барысында өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру, сол сияқты Үштөбе қаласын және бірқатар ауылдарды абаттандыру мәселелеріне баса назар аударды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысы аралауды алдымен Кәлпедегі орта мектептің күрделі жөндеуінен бастады. Мұнда сейсмокүшейту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жөндеуді осы жылдың ақпанында бастаған «Sheberbuild» ЖШС бүгінде жұмыстардың жалпы көлемінің 30% орындаған. Серіктестіктің атқарушы директоры Мейрам Сүйіндіковтің айтуынша, кесте бойынша құрылыс жұмыстары қаңтар айында бітуі тиіс, дегенмен мектепті оған дейін жаңа оқу жылы қарсаңында тапсыру жоспарланып отыр. Қазір мұнда 75 адам жұмысқа тартылған. Бөлшектеу жұмыстары аяқталған, терезелер ауыстырылып, электр сымдарын жүргізіліп, оған қоса қабырғаларына сейсмокүшейту жасалуда, маңайын абаттандыруға да дайындық жасалу үстінде. Жобаның құны - 1,6 млрд. теңге.

Мектеп тоғыз жүз орынға арналғанымен, қазір мұнда небары 300-ге жуық бала оқиды. Осыған байланысты облыс әкімі ғимараттың пайдалы алаңын тиімді қолданудың нақты жоспарын жасауды, сол қатарда үйірмелер жұмысын дамытуды да қарастыруды тапсырды. Мектеп директоры Салтанат Қалықованың айтуынша, мектеп жанында мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істемек, волейболдан, күрестен қосымша сабақтар жоспарланып отыр, сонымен қатар педагогтар оқушыларды домбыра тартуға үйретіп, би үйірмесін ашуға ниетті. Облыс әкімі бұл ауқымның әлі де жеткіліксіз екенін, сондықтан көрші ауылдардың балаларын да қосымша білім беруге тартып, қызықтыру үшін жоспарды бүге-шігесіне дейін ойластырып, кеңінен қарастыру керектігін жеткізді. Күрделі жөндеу жұмыстарының барысын қараған Бейбіт Исабаев жауапты азаматтарға жұмыстың сапасы мен уақытылы атқарылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ мектеп аумағында заманауи үлгіде үлкен спорттық алаң салудың да мүмкіндігін ойластыру керек екені сөз болды.

«Sheber Build» мердігер компаниясы Кәлпе ауылында 200 орындық мәдениет үйін де салуда. Жұмыстар ақпан айында басталған, бірақ жобаға  түзетулер енгізілуіне байланысты кестеден 20 күндей кешігіп келеді. Атқарушы директор мамырға қарай құрылыс жұмыстары кестені қуып жететінін, сөйтіп нысан мерзімінде іске қосылатынына сендірді. Қыркүйекте ауылдықтарға мәдениет үйі пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның жалпы алаңы шамамен 740 шаршы метр, оған қоса ғимаратта мәжіліс залы, үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған. Сол сияқты компания аумағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын да атқарады. Осы нысанның дәл жанынан жаңа спорт нысаны салынады. Жер учаскесі белгіленген, қажетті құжаттары дайындалуда. Блокты-модульді спорт кешені шілденің соңына қарай есігін айқара ашады деп жоспарланып отыр.

Қанабек ауылындағы Қ.Байсейітов атындағы орта мектеп те өңір басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Жуырда қатты желдің салдарынан мектеп шатырының бір бөлігі зақымданған болатын. Қазір нысанда шатырдың бүлінген бөлігін, яғни 700 шаршы метрін ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, сол сияқты карниздер де ауыстырылуда.  Облыс әкімі мектептің бос жатқан учаскесіне назар аударып, ол жерге спорт алаңын, шағын сквер немесе бақ жасау туралы ұсынысын айтты. Бұл жұмыстарға ауданда ірі нысандарды салып жатқан меценаттар мен кәсіпкерлерді тартуға болады.

Осы күні облыс әкімі Үштөбе қаласындағы жатақханасы бар гуманитарлық колледж құрылысының барысымен танысты. Нысанның құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған болатын. 100 студентке арналған ғимарат өзара өткелдермен байланысқан 5 блоктан тұрады. Үш қабатты оқу корпусында пән кабинеттері мен зертханалар, екінші блокта әкімшілік-шаруашылық, медициналық кабинеттер орналасады. Сол сияқты спорт зал, асхана, акт залы, оқу залдары жеке блокта қарастырылған. Оқу орнының жатақханасы 30 орынға лайықталған. Құрылыс нысанында 96 адам жұмыс істеуде. Облыс әкімі мердігер «Жөндеу Құрылыс» ЖШС өкіліне құрылыстың сапасына қатысты бірқатар ескертулер айтты. Сонымен қатар колледж гуманитарлық бағытта болғанымен, еңбек нарығына бейімделу керектігін ескертті. «Ауданда металлургиялық кремний өндірісіне, сүт және ет фермаларына, балық шаруашылығына қандай мамандар қажеттігін ескере отырып, жаңа мамандықтарды оқытуды қолға алыңыздар. Бұл ретте жастарды оқытумен қатар жұмыспен қамтуды да кешенді түрде қарастыру керек. Және колледждің материалдық-техникалық жабдықталуы да сол енгізілетін жаңа мамандықтардың ерекшелігіне сай болуы тиіс», - деді Бейбіт Исабаев тиісті мамандарға қарата.

Мұнан соң Үштөбе қаласындағы өлкетану музейінің құрылыс алаңында болған облыс әкімі жаңа нысанды салуға қатысты жайттарды егжей-тегжейлі сұрап, болашақ мәдениет нысанының эскиздік жобасына назар аударды. Жертөлесі бар 2 қабатты ғимараттың қазір іргетасы үшін қазаншұңқыры қазылып, құрылысшылар іске кіріскен. Облыс басшысы мұражай қабырғасының сыртына қандай материал қолданылатыны маңызды екенін айтты. «Мұражай – тарихи-мәдени орынға айналатын іргелі нысан. Сондықтан оның ішкі құрылымымен қатар сыртқы кейпі де аса маңызды. Қасбетке пайдаланылатын материалдарға жіті қарау керек. Және қасбетті безендіру ісімен жеке бригада айналысуы тиіс», - деген Б.Исабаев қасбетке травертин қолдану керек деген шешімге тоқталды.

Атап өтсек, өлкетану мұражайында үш көрме залы болады, онда 200-ге жуық түрлі экспонаттар қойылмақ.

Құрылыс алаңының жанында орнатылған стендтерде облыс әкіміне Үштөбе қаласын, Кәлпе және Оян ауылдарын абаттандыру жобалары, Көпбірлік ауылында ангар үлгісінде блокты-модульді спорт кешенін салу жобасы, ауданды газдандыру және жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысы және т.б. маңызды ақпараттар ұсынылды.

Облыс әкіміне баяндалған мәліметтерге сүйенсек, биыл Қаратал ауданының жолдарын салуға және жөндеуге 4,2 млрд. теңге бөлінген. Соның арқасында 78 шақырымнан астам жол жөнделеді. Аудан орталығы да назардан тыс қалмайды. Үштөбе қаласында биыл барлығы 13 шақырым жол жөнделіп, абаттандырылады. Жөндеуі ұзаққа созылып кеткен Төле би көшесіне келетін болсақ, оған қажетті қаражат бөлінді, мамыр айында газ желілерін төсеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көшеге асфальт төселеді.

Меценаттар да осы жерде өз жобаларын ұсынды. Яғни құрылыс компаниялары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсету мақсатында өз қаражаты есебінен түрлі елді мекендерде спорт нысандарын салуға, әлеуметтік нысандарды жөндеуге және аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үй салуға ниетті.

Облыс әкімінің Қаратал ауданына жұмыс сапары бұдан әрі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен жалғасып, кейін аудан халқымен кездесу өткізілді.

 

 Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.