
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қабылдауға алғашқы болып кірген Алакөл ауданының тұрғыны Дәмеш Ордалина «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ теңгеріміндегі қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру жайын көтерді. Бұл мәселе бойынша ҚТЖ өкілі Болат Жадырасынов пен Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов бейнебайланыс арқылы қосылып, мәселенің мән-жайын баяндады. Д.Ордалинаның үйіне қатысты негізгі қиындық ҚТЖ балансындағы үйдің ай сайынғы жалгерлік ақысына төлеуі тиіс қарыздарының жиналып қалғанына байланысты туындаған. Құжаттарды түгел өткізіп, қарызы төленген жағдайда үйді жекешелендіруде ешқандай қиындық болмайды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚТЖ өкілі мен аудан басшылығына зейнеткердің құжаттарын түгендеу мен қарызын жабудың жолдарын түсіндіріп, мәселені оң шешіп беруге ықпал етуді сұрады.
Алакөл ауданының тұрғыны Өрік Отыншиева мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беру мәселесімен жүгінді. Ол әлеуметтік әлжауз топтар санатында кезекте 65-ші болып тұр. Аудан әкімінің айтуынша, биыл Үшаралда әрқайсысы 60 пәтерлік үш үй салынады. Бейбіт Исабаев Ө.Отыншиеваға сол 180 пәтердің бірі кезек ретімен берілетінін айтты.
Қабылдауға кірген тағы бір азамат, «Азамат» шаруа қожалығының төрағасы Зейнелхан Галиев мал басы жыл сайын көбейіп келе жатқандықтан жайылымдық жер жетпейтінін айтып, көмек сұрады. Ақсу ауданының әкіміне жайылымдық жер қарастыру тапсырылды.
Жалпы саны 14 азамат қабылдауға кірді. Олар негізінен тұрғын үй, жер, инвестиция, жол жөндеу, сол сияқты денсаулық сақтау, мәдениет салаларының да мәселелері сөз болды. Сауалдардың барлығын хаттамаға енгізіліп, тиісті басқармалар мен аудан-қала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.