
Бүгін Талдықорғанда Жетісу облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Сессияда мәслихаттың жаңа төрайымы сайланып, тұрақты комиссиялардың құрамы бекітілді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, облыстық мәслихаттың құрамы 75 пайызға жаңарған, алғаш рет оның құрамына әртүрлі 6 партияның өкілдері еніп отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық мәслихаттың VIII шақырылымының І сессиясына жаңадан сайланған 32 депутаттың барлығы қатысты. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болды.
Сессияны аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Даутов ашып, қатысушыларды сайлаудың қорытындысымен таныстырды. Оның айтуынша, облыстың 11 мәслихатына 168 депутат сайланды, оның 32-сі облыстық мәслихаттың, 136-сы аудандық және қалалық мәслихаттың депутаттары. Облыстық мәслихат депутаттары аралас жүйе бойынша, 50% партиялық тізімдер, 50% бір мандатты округтер бойынша сайланды. Құрамына 6 партияның – «Amanat», «Ауыл», «Қазақстан Халқы», «Respublica», «Ақ жол», «Байтақ» партияларының өкілдері енді. Жаңадан сайланған депутаттарға куәліктер мен төсбелгілер берілді. Мұнан соң депутаттар іштерінен Гүлнар Тойлыбаеваны облыстық мәслихаттың төрайым сайлады. Сол сияқты күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша облыстық мәслихаттың тұрақты 5 комиссиясының құрамы бекітілді.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев депутаттар корпусын жаңа сайлануларымен құттықтап, мәслихаттардың елдің әлеуметтік-саяси өміріндегі, әділетті қоғам құрудағы рөліне тоқталды.
- Кеше Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Президент елімізді дамытуға, жан-жақты жаңғыртуға жаңа серпін беретін бірқатар тапсырмалар берді. Яғни алдымызда өндіріске инновациялар мен озық технологияларды енгізу, бизнестегі бәсекестікті арттыру, туризмді дамыту, бюджеттің әр тиынын тиімді жұмсау, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту сияқты көптеген міндеттер қойылды. Бүгінгі күні Жетісу облыстық мәслихатының құрамы 75 пайызға жаңарып, оның құрамына 6 партияның өкілдері енгізіліп отыр. Бұл жаңа реформаларға сай демократиялық үрдістердің айқын айғағы деп білемін. Әр партияның өз принципі, өз ұстанымы бар, әр депутаттың өз көзқарасы, пікірі болады. Сондықтан бірлескен жұмыс барысында бюджетті бөлу, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелеріне қатысты қызу пікірталас болуы мүмкін. Алайда елдік мүдде, мемлекеттің мұраты бәрінен де жоғары тұруы тиіс. Популизм мен бұра тарту, жеке бастың қамымен орынсыз даңғазылыққа жол берілмеуі керек. Осы орайда әрбір депутат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға бар күш-жігерін жұмсап, сайлаушылардың сенімінің үдесінен шығады деп сенемін, - деді Б.Исабаев.
Атап өтсек, облыс басшысының айтуынша, Жетісу облысының алдағы
әлеуметтік-экономикалық дамуы 5 стратегиялық бағытта жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы саласында басым дақылдар алқаптарын, оның ішінде қант қызылшасының егістігін 2,9 есеге ұлғайту, 30 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасады.
Алдағы үш жылда туризм саласына 79 млрд. теңге инвестиция тартылып, туристер легі 2,4 млн. адамға жетеді. «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына дейінгі жолды қайта жаңарту және өңірде заманауи шаңғы-биатлон кешенін салу жобаларs іске асырылады.
Жалпы, облыстың инвестициялық портфеліне 2026 жылға дейін 1,6 трлн. теңгелік 144 жоба кіреді, 7 мың жұмыс орнын құру көзделген.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 59 объект салынып, жергілікті бюджет есебінен 57 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылады. Білім беру саласында бейімделген мектептер санын азайту үшін 23 жаңа мектеп салу жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 8700 орындық 10 мектеп салынады, оның ішінде 2 мектептің құрылысы биыл басталады.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету 100 пайызға дейін, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі 98 пайызға дейін, газдандыру деңгейі 76 пайызға дейін жеткізілетін болады.
Қабылданған шаралар 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім көлемін 1,7 трлн. теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте халықтың таңдауымен, өз ішінен шыққан өкілдері ретінде сіздерге үлкен жүк артылады. Әрқайсыларыңыз өз өңірлеріңіздің өзекті мәселелерін, түйіні шешілмеген, қордаланған проблемаларын жақсы білесіздер. Сондықтан облыста халықтың әл-ауқатын көтеріп, экономикасын өсіруде сіздердің конструктивті белсенділіктеріңіздің маңызы зор, - деп атап өтті Б.Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.