
Жетісу облысы Ескелді ауданы Алдабергенов ауылындағы №110 сайлау учаскесіне Иманғабыл отбасы үшемдерін бірге алып келді. Олар балаларды жастайынан елжандылыққа тәрбиелеу мақсатымыз дейді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бес баланың анасы Маржан Иманғабыл өз отбасының әлі бірде-бір сайлаудан қалып көрмегенін айтады. Олар өздерінің азаматтық белсенділігін балаларына үлгі етіп көрсетуде. Бүгінгі сайлауға олар үшемдері Ернұр, Бекнұр, Әлинұрды да ерте келді. Сәбилер қазір екі жастан асқан.
«Біз өз таңдауымызды жасадық. Ел үшін мәні зор мұндай шараларда үнемі белсенділік танытамыз. Қазір мемлекет көп балалы аналарға көп қолдау көрсетіп келеді. Еліміз бұдан әрі дамып, балаларымыздың болашағы жарқын болса екен деген тілеумен жолдасымыз екеуміз дауыс бердік», - дейді Маржан.
Атап өтсек, Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес, 2023 жылғы 19 наурызда сағат 14.10-дағы жағдай бойынша еліміздегі тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 46,84 % бюллетень алса, соның ішінде Жетісу облысы бойынша бұл көрсеткіш - 52,41%.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.