ӘЙЕЛ-АНА – БАРША ИГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

ӘЙЕЛ-АНА – БАРША ИГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Жетісу облысының әкімі

Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы

 

Ардақты аналар, аяулы арулар!

Көрікті көктемнің мерейлі мейрамы 8 Наурыз баршаңызға құтты болсын!

Өзімен бірге жер бетіне жылылық әкелетін көктем мезгілі әйел жаратылысының символдық бейнесі іспеттес. Өйткені бүгінгі мерекеде күннің шуағы мен әйел-ананың шексіз мейірімі астасып жатыр.  

Әйел - жас ұрпақтың тәрбиесін бекемдеп, тағдырын қалыптастыратын адам, барша игіліктің бастауы. Ол - отбасының ұйытқысы, ал отбасы – мемлекеттің өзегі.

Ананың ақ сүті мен аялы алақаны, сарқылмас мейірімі мен таусылмас тағылымы адамзатқа күш-қуат беріп, елжандылыққа үндеп, ізгі мұрат жолына жетелеп келеді.

Бүгінгі күні әйел заты өз бет-бейнесін отбасындағы орнымен қатар, қоғамдық жұмыстарға, мемлекет ісіне, саяси мәселелерге белсене қатысатын қоғам мүшесі ретінде орнықтырды. Олар уақыт жүгін азаматтармен теңдей көтерісіп, ел өмірінде болып жатқан реформаларға, жаңашыл өзгерістер мен бастамаларға етене араласып отыр. Экономиканың қай саласында болсын – білім мен ғылым, спорт пен  денсаулық сақтау, бизнес пен қызмет көрсету т.б. маңызды бағыттардың барлығында да нәзік жандар өзінің алғырлығын, біліктілігін, іскерлігін танытты. Мұндай ізгі іс-шараларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, әйел-аналарға тұрақты қамқорлық жасалуда. Соның ішінде үй мен түздің, ошағы мен Отанының жауапкершілігін тең ұстап, елдігімізді нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген біздің жетісулық әйел-аналардың еңбегі қандай құрметке де лайық деп білеміз.

Баршаңызды көктем мерекесімен шынайы құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, еңбекте жеміс, жанұялық бақ-береке тілеймін.