Өнермен айтылған алғыс

Өнермен айтылған алғыс

Жуырда Жетісудың әдеби ортасы Janr клубының оқылым форматындағы кезекті шарасына куә болды. Алғыс айту күніне орайластыра өткізілген кештің бұл жолғы иесі - жас ақын Азамат Нұрмұхан.

Оқылым форматының бір ерекшелігі, рухани басқосу шағын топпен өткізіледі. Көрермен де, шығарманы оқитын қатысушылар да, автордың өзі де шектеулі кеңістікте, бір аяда кеш соңына дейін өзара ішкі байланыс желісін үзбейді. Шағын сахнаның әр бұрышына поэтикалық реңк беру, интерьерлерді талғаммен таңдау, шеберлікпен үйлестіре орналастыру – мұнің бәрі кештің өн бойына әр беріп тұрады.

Жетісу облыстық филармониясының ғимаратында өткен «Ай тұмарлы арманым таудан биік» атты кештің бас-аяғын жұмырлап, көрерменге ұсынған филармонияның режсиссері Берікқан Төкенов болды.

Азамат Нұрмұқан - әрі ақын, әрі музыкант. Ол – «Алғыс» жыр жинағының авторы, облыстық филармонияның Мұқан Төлебаев атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің кәсіби музыканты, қобыз контрабас тобының жетекші аспапшысы.

Оқылым барысында ақынның патриоттық бағыттағы азаматтық және махаббат лирикасын қаламдас достары көпшілікке ұсынып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды. Автордың өзі қобыз контрабас аспабына тіл бітіріп, өнер көрсетті. Осылайша бұл кеште көрермен қос өнерді тең көріп, тел ұстап келе жатқан дарынды жастың талантына тәнті болды.

Ақынға жан дүниесін ашатын сауалдар қойылды, қаламдастары автор шығармашылығына қатысты еркін, нақ, қысқаша ой-пікірлерін білдірді.

Белгілі жазушы Есболат Айдабосын жетекшілік ететін «Janr» әдеби клубы - өңірдегі жас қаламгерлердің басын қосып отырған қоғамдық ұйым. Құрылғаннан бергі екі жыл ішінде жанрлықтар жастарды рухани ортаға тарту мақсатында түрлі әдеби жобалардың, байқаулардың, мәдени басқосулардың бастамашысы болып келеді. Бұдан бөлек осы кезге дейін жас қаламгерлер поэзия және проза жанрлары бойынша үш оқылым өткізіп үлгерді. Енді наурыздың алғашқы күніне орайластырып өткізген кешті бұрынғыдай өзінің Yotub арнасы арқылы көпшілікке кеңінен таратпақ.

- Кешті stage reading форматында өткіздік. Бұл формат шетелдік әдеби ортада кең таралған. Орыстар читка дейді, біз оны мәнерлеп оқу деп атадық. Кәсіби режиссермен, жарық қоюшымен жұмыс істедік. Нәтиже керемет. Осындай бастамаларымызбен әдеби оқылымдарға бұқаралық сипат беруге үлес қоссақ дейміз, - дейді Есболат Айдабосын.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.