Биылғы жылы Ескелді ауданында мәрмәр ұнтағын өндіретін кешен іске қосылады деп күтілуде. Сол сияқты Қора өзеніндегі ГЭС-3 осы жылы жұмысын бастауы тиіс. Жалпы осы жылы құны 11,3 млрд. теңге болатын 6 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында айтылғандай, өткен жылы 3 жоба жоспарланып, іске асырылған, оларда 62 жұмыс орны құрылып, 1,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 1,8 млн. литр сүт өндіруге қауқарлы «Сүт Мастер-М» ЖШС тауарлы сүт фермасы, жемшөп дақылдарын өсіретін «Агро Тұран» ЖШС, туризм саласындағы бір маусымда 1500 келуші қабылдауға мүмкіндігі бар «Апорт» демалыс аймағы жұмысын бастаған. Бұдан бөлек наубайхана, тігін цехтары сияқты шағын және орта бизнестегі бірқатар жобалар халықты жұмыспен қамтуға септігін тигізген.
Инвестиция тарту жағынан аудан облыста 4,1 пайыз үлесімен 6-шы орында. 2022 жылы 11,1 млрд. теңге инвестиция тартылған. Негізгі үлес бюджеттен тыс инвестицияларға тиесілі, яғни 68 пайыз немесе 7,6 млрд. теңге, бұл 2021 жылға қарағанда 1,5 есе артық. Биылғы жылы жалпы құны 11,3 млрд. теңге болатын 52 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында құрылыс материалдарын өндіру, энергетика, мал және өсімдік шаруашылығын дамыту, туризм салаларындағы жобалар бар.
Облыс әкімі өз сөзінде Ескелді ауданында шағын және орта бизнесті дамытуда оң серпіні байқалатынын атап өтті. Жалпы ауданда 3,6 мың бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 5,7 мың адам жұмыспен қамтылған. 2022 жылы олардан бюджетке 966 млн. теңге түсті, бұл 2021 жылғы деңгейден 18,9 пайызға жоғары. Осы жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1,6 млрд. теңгеге 16 жоба қаржыландырылған.
- Жергілікті әкімдер, Ұлттық жобаның пайдасын, тиімділігін халыққа түсіндіріңіздер. Ауылдық жерлерде тіршілік жасап, бизнес жүргізуге жоба аясында үлкен қолдау көрсетіледі. Оның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланса, халықтың әл-ауқатын көтеруге зор ықпал ететін болады, - деді Б.Исабаев.
Сондай-ақ облыс басшысы аудан экономикасы үшін туристік саланы дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ауданда қазір 7 демалыс орны жұмыс істейді, онда өткен жылы 497 келушіге 11,5 млн. теңгеге қызмет көрсетілді. Мұндағы басты көрнекті жерлерінің бірі - «Бұрхан Бұлақ Эко» экокемпингі орналасқан Қора шатқалы. Қазіргі кезде Бұрхан бұлақ сарқырамасына апаратын жолдарды қайта жаңарту бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары аяқталған. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 95 млн. теңге қарастырылады. Сол сияқты «Tekesu Outdoor Center» базасында шаңғы биатлон кешенін салу жоспарлануда. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев туристік саладағы бұл іс-шаралар Президенттің облысқа келген сапарында берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.