Қазір Ескелді ауданында тұрғын үй кезегінде 1300-ден астам адам тұр. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында Қарабұлақ ауылында осы айда 60 пәтерлік бір көп қабатты үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ алдағы шілде айында 60 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үй ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек тағы бір 60 пәтерлік үй құрылысына қажетті құжаттар дайындалу үстінде. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Жыл сайын кезекке тұрғандар саны көбейеді, себебі жас отбасылар қатарға қосылады, жас мамандар ауылдарға тартылады, тағы сол сияқты сепептері бар. Сондықан аудан орталықтарында жыл сайын кем дегенде 60 пәтерлік бір үй салуымыз керек. Оған қоса бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша тұрғын үйге демеушілер тартуға да ден қойып жатырмыз. Жалпы тұрғын үй, ауыз су, газдандыру, жол жөндеу – бұл мәселелердің қай-қайсысы болса да, айналып келгенде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс, - деді Б.Исабаев.
Өңір басшысының айутынша, өткен жылы Ескелді ауданында 10 елді мекеннің жергілікті жолы жөнделген. Биыл да осындай қарқын сақталады. Яғни аудандағы облыстық маңыздағы жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға биыл 300 млн. теңге, ал 17,3 шақырым аудандық және ауыл ішілік жолдарды орташа жөндеуге 759 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Сол сияқты Бақтыбай ауылына кіре берістегі көпір күрделі жөндеуден өткізіледі.
2022 жылы Қарабұлақ ауылы орталық ауыз сумен қамтылса, биыл аудандағы Ақтұма, Алдабергенов, Сырымбет, Ақешкі ауылдарында су жүйелерін салу мен қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Бұл өңірді газдандыру да маңызды мәселердің қатарында. Мұнда 21 елді мекен газдандыруға жатады. Әзірге Қарабұлақ, Өрқусақ, Екпінді, Сырымбет ауылдарындағы 14,4 мың адам көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алған. Қазір тағы 7 елді мекенге таз тарату желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны - 4,4 млрд. теңге. Қалған 3 ауылды газдандыру бойынша жобалау мекемелерімен келісімшарттар жасалуда.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде әлеуметтік саладағы істер жайынан да хабардар етті. Соның ішінде бейімделген мектептердің мәселесін шешу, материалдық-техникалық базасын жақсарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында да атқарылған шараларды атап өтті. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен 93,8 млн. теңгеге Қоржынбай, Абай және Теректі ауылдарында модульдік конструкциялар базасында медициналық пункттер орнатылған. Биылғы жылы Өтенай, Жеңдік, Бөктерлі ауылдарында блок-модульді медициналық пункттер мен Қарабұлақ ауылында жедел жәрдем станциясын орнату жоспарланып отыр. Сонымен бірге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Жетісу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 124,7 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Биыл ауданға 2 санитариялық автокөлік сатып алынады.
Осы кездесуде Бейбіт Исабаев өткен жылдың қараша айында өткен халықпен жүздесу барысында көтерілген мәселелердің шешіміне қатысты жұмыстарды баяндап берді. Сол кезде тұрғындар көтерген 8 мәселенің 6-уы бүгінгі күні оң шешімін тапқан, екі мәселеге қатысты жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтсақ, «Алматы – Өскемен» тас жолы бойынан Қапал ауылына баратын 26 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемемен келісім шарт жасалған. Аталған жол бөлігін жөндеу жұмыстарының жалпы құны 1,5 млрд. теңге, осы жылға оның 500 млн. теңгесі бөлінген. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, келесі жылы аяқталмақ.
Облыс әкімінің айтуынша, Сырымбет ауылындағы Балпық би көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізудің ЖСҚ-сы әзірленген. «Оған «Ауыл Ел - бесігі» бағдарламасы аясында 98,5 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде, осы жылдың 2-тоқсанында жолды жөндеу жұмыстары басталады.
Өткен жылы Көкжазық, Жалғызағаш және Қоңыр ауылдарының тұрғындары жаңадан мәдениет үйін салып беру жөнінде мәселе көтерген болатын. Соған байланысты осы жылы Қоңыр ауылына пилотты жоба ретінде блокты-модульды мәдениет үйі орнатылмақ. Оған бюджеттен 158 млн. теңге бөлініп, конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Келесі жылы осындай жобамен Көкжазық, Жалғызағаш ауылдарында да мәдениет үйлерін орнату мәселесі қарастырылатын болады.
Облыс әкімінің айтуынша, Жаңалық, Жалғызағаш және Ақтасты ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңғырту және салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Жаңалық ауылындағы жер асты суларын бекітуге конкурс жарияланды, Ақтасты және Жалғызағаш ауылдары бойынша жоба сараптамадан өтуде. Үш ауылдың су жүйелерінің құрылысына қажетті сома 2024 жылғы республикалық бюджет есебінен сұралады.
Жалпы 2022-2023 жылдары Ескелді ауданына инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға бюджеттен 7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Облыс басшысы аудан әкіміне бөлінген қаражаттың уақтылы игерілуін және нысандардың белгіленген мерзімде қолданысқа берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.