Биылғы жылы Ескелді ауданы қант қызылшасы егістігінің көлемін 1,9 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр, бұл облыстың жалпы егіс алқабының 23,4 пайызы деген сөз. Ауданда жалпы дәнді дақылдар алқабы 30 мың гектардан асады. Осы орайда бүгін Ескелді ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан диқандарына алғысын білдірді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысы аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде өңір экономикасының жай-жапсарына, аудан дамуының бағыт-бағдарына кеңінен тоқталып, баяндама жасады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ауданда қант қызылшасының алқабын одан әрі ұлғайтуға барлық жағдай бар, ол үшін тиімді жұмыс жүргізу қажет. Оған қоса жергілікті әкімдік қызылша шаруашылықтарының жұмысын ұйымдастырып, оларды тұқыммен, тыңайтқышпен, техникамен қамтамасыз етуі керек. Сол сияқты ауданда картоп өңдеу кәсіпорны мен өндірістік жылыжайлар ашу жағынан да жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Былтыр Ислам Даму Банкі арқылы 258 шақырым каналды қайта жаңарту арқылы суару суын жеткізу мәселесі біршама жақсарған. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады.
Дегенмен, жер қатынастары саласында көптеген проблемалық мәселелер бар. Өткен жылы аудан көлемінде 4 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекеттік меншікке қайтарылыпты. Осы жылдың басынан мемлекетке 159 гектар жер қайтқан.
Осы тақырыпқа қатысты облыс әкімі:
- Халықтың мал жаюы үшін 106 мың гектар жайылым керек. Қайнарлы, Матай Байысов, Ешкіөлмес ауылдарының тұрғындары жайылымға мұқтаж. Тұрғындардың осы қажеттілігін өтеу үшін жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту керек. Бір реттік, көз үшін жасалатын жұмыстармен мәселе ешқашан түбегейлі шешілмейді. Жұмысты жүйелі түрде жүргізу керек. Бірінші кезекте қай ауылда мал жаятын жерлер жетпей жатыр, белсенді жұмысты сол елді мекендерден бастау керек. Мынадай қарқынмен жүре берсеңіздер, жер мәселесін жуырда шеше алмайсыздар. Қазір ауданның жер қорында 48,4 мың гектар босалқы жер бар. Осы босалқы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартудың жедел шараларын қабылдауды тапсырамын, - деді Б. Исабаев аудан әкіміне қарата.
Облыс басшысы өз сөзінде ветеринарлық саланы қолдау шараларын да атап өтті. Ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту мақсатында осы жылы Қоңыр және Бақтыбай ауылдық округтерінде блокты-модульді ветеринариялық пункттер орнатылаған, сол сияқты аудандық ветеринариялық қызметке 2 автокөлік сатып алынды.
- Ет пен сүт - халықтың негізгі тағамы. Сондықтан оның сапасы әрдайым бақылауда болуы тиіс. Жекеменшік малдарға тиісті дәрі-дәрмек уақытылы салынуы керек. Біз ауылдық округтерге ветпункттер салып беріп жатырмыз. Мал дәрігерлерінің жалақысы өсті. Мұндай шаралар осы саладағы кадр тапшылығын жоюға, жас мамандарды тартуға ықпал етеді деп ойлаймын, - деді өз сөзінде Б.Исабаев.
Жайылымдық жер мәселесін тұрғындар сұрақ қою барысында да көтерді. Шымыр, Қайнарлы ауылдарының тұрғындары жайылымдық жер қажет екенін айтты. Олар мұның бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткілді мәселе екенін алға тартты. Осы ретте облыс әкімі аталған ауылдармен қатар барлық елді мекендердің маңындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, соның ішінде ауыл тұрғындарының мал жайылымына қанша қажет екенін анықтау, соның ішінде жерден қатты тапшылық көріп отырған елді мекендердің мәселесін бірінші кезекте қарастыру жұмыстарының ретін айқындап, жүйеленген жоспар жасап, бекітуді қатаң тапсырды. Шымыр ауылының маңайындағы жерлер негізінен тәлімі жер болғандықтан, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыру қажеттігін қадап айтты. Аудан әкімі бұл мәселені тұрғындармен кездесіп, өзара бірлесе отырып шешуге уәде берді.
«Күзде аудан халқымен тағы бір кездесу өткіземін, сол кездесуде осы жайылымдық жер мәселесінің шешімі қалай болғанын халықтың көзінше айтып беретін боласыз», - деді Б.Исабаев аудан әкіміне.
Сол сияқты кездесуде тұрғындар Жастар ауылы Ниязбеков көшесінде Қусақ өзенінің үстінен өтетін көпірдің жарамсыз халде екенін айтып, көпірді жөндеп беруді сұрады. Мәселенің жай-жапсарын анықтап, қажет жағдайда нақты ұсыныс беру аудан әкіміне тапсырылды. Оған қоса Қайнарлы ауылының тұрғыны Рауза Бектасова сол аумақтағы Қызылкөпір көпірінің жайын баяндады. Көпір әр жерінен тесіліп тұрған көрінеді. Жауаптан белгілі болғанындай, бұл нысан облыста жөндеу жоспарына енгізілген маңызды көпірлердің тізіміне енгізілген екен. Қазір құрылыс жұмыстарына ЖСҚ дайындалып жатыр.
Жиында Ақын Сара, Шымыр ауылдарына мәдениет үйін салуға қолдау көрсету сұралды. Сондай-ақ тұрғындар «ТАТЭК» мекемесінің Бақтыбай ауылында электр есептегіш құралдарын ауыстыру қызметіне алып жатқан төлем сомасының заңды-заңсыздығын анықтауды сұрады. Бұл мәселені монополияға қарсы ведомство мамандарымен бірлесіп зерделеу облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасына тапсырылды.
Жалғызағаш, Жаңалық ауылдарындағы ауыз су мәселесі, Жетісу, Шымыр ауылдарын газдандыру, бірқатар елді мекендердің ауылішілік жолдарын жөндеу, көшені жарықтандыру мәселелері де кездесу кезінде айтылды.
Тұрғындар көтерген проблемалардың бәрі хаттамаға енгізіліп, заңдық шешімі қарастырылатын болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.