Сарқан ауданы тұрғындарымен кездесу өткізілді

Сарқан ауданы тұрғындарымен кездесу өткізілді

Өткен жылы Сарқан ауданына тартылған инвестиция көлемі екі есеге ұлғайып, 29,9 млрд. теңгеге жеткен. Соның негізгі бөлігі, яғни 92% немесе 27,5 млрд. теңгесі бюджеттен тыс, жеке қаражат есебінен тартылған. Бұл туралы кеше Сарқан ауданының тұрғындарымен кездесуінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сарқандықтармен кездесуінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытына қатысты талдау жасап, жетістіктері мен кемшіліктерін саралап берген облыс басшысы олқылықтарды түзету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Бейбіт Исабаев өз баяндамасында атап өткендей, Сарқан ауданы - облыстың қызылша егетін аймақтарының бірі. Биылғы жылы 1,2 мың гектар алқапқа қант қызылшасын себу жоспарланып отыр. Мұнда сүт өңдеу зауыты бар бола тұра бірде-бір тауарлы сүт фермасы жоқ. 3,9 мың басқа арналған қазіргі 14 бордақылау алаңы небәрі 20,2 пайызға жүктелген. Көкөніс, картоп сақтау қоймаларын ашу да қолға алынбаған. Сондықтан аудан басшылығы сүт фермасын құруға, сүт пен ет шаруашылығын дамытуға, қоймалар салуға қажетті шаралар қабылдауы тиіс.

Сарқан ауданы майлы дақылдар егу жағынан облыста 2-ші орында. Сонымен қатар ауданының балық шаруашылығын дамыту әлеуеті бар, өңір аумағында Жасылкөл, Балқаш көлдері мен өзендері орналасқан. Осыған байланысты аудан әкімдігіне әлеуетті инвесторларды тарта отырып, тоқтап тұрған, толық қуаттылығына шықпаған кәсіпорындардың жұмысын жандандыру, балық шаруашылықтарын дамытуға назар аудару тапсырылды.

Жер қатынастары саласында да түйткілді мәселелер көп. Жалпы аудан бойынша пайдаланбай жатқан 67 мың гектар жер анықталған. Өткен жылы оның 10,5 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Ал биыл бұл жұмыс әлі басталмаған. Ауданда халық мұқтажы үшін 16,5 мың гектар жайылымдық жерге қажеттілік бар. Бұл мәселе  Аманбөктер  мен Екіаша ауылдарында күрделі болып тұр. Ал ауданда жайылымдарды басқарудың жоспары әлі күнге дейін бекітілмеген. Осы істің барысына кеңірек тоқталған Бейбіт Исабаев:

- Ауданда ірі 11 шаруа қожалығы 58 мың гектар жерді пайдаланбай отыр. Мысалы, «Jetisy beef» серіктестігіне инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 2020 жылдың қыркүйек айында 30,1 мың гектар жер бөлініп берілген. Бүгінгі күні 110 бас жылқы ғана сатып алынған, бұл жеткіліксіз екені анық. «Жұлдызды дала» серіктестігіне былтыр наурыз айында бөлінген 4 мың гектар жердің 41 пайызы ғана игерілген, «Болат Сейітбатқалов» шаруа қожалығына былтыр 4,8 мың гектар жер бөлінген, бүгінге небәрі 53 бас мал тіркелген. Бұл жер иелері жерді мақсатына сай пайдаланбаса, мемлекет меншігіне қайтару шаралары қабылданатын болады, - деді.

Жалпы ауданда 19 өнеркәсіп орны бар. Өткен жылы өндірістік сала өнімдерінің көлемі 15,4% төмендеген. Сол қатарда «Ақбұлақ продукт» ЖШС сүт зауыты өнімінің көлемі өндірістік блокқа күрделі жөндеу жасауға байланысты азайған. Дегенмен, ауданда инвестиция тарту жағынан ілгерілеу бар. Өткен жылы мұнда 29,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 2 есеге жеткен. Жылдық инвестицияның 19,4 млрд. теңгесі «Eneverse Kunkuat» ЖШС жел электр стансысының құрылысына тартылыпты. Облыс басшысы бюджеттен тыс, яғни жеке қаражат есебінен тартылған инвестиця ауқымының 92% немесе 27,5 млрд. теңге болғанын тілге тиек етіп, бұл жақсы көрсеткіш екенін атап өтті.

Ал биылғы жылы жеке инвестиция есебінен құны 9,4 млрд. теңге болатын, 95 жұмыс орнын құратын 3 жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, жалпы қуаты 13 МВт болатын «Baskan power» ЖШС-ның ГЭС 2, ГЭС 3 жобаларының құрылысы. Онда 7,2 млрд.теңге инвестиция құйылып, 15 жұмыс орны ашылады. Енді бірі – жылына 183 мың тонна кен өндіретін қуаты бар «Aksenger» ЖШС-ның алтынды кен өндіру мен өңдеу бағытындағы тау-кен металлургиялық кешенінің құрылысы, 2,2 млрд  теңге инвестиция тартылады, 80 жұмыс орнын құрмақ.

Жалпы 2022 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 1 млрд. теңге түскен, бұл алдыңғы жылмен салыстырған 1,4 есеге өсіп отыр.

Облыс әкімі өз сөзінде халықты тұрғын үймен, сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, жол жөндеу сияқты өзекті мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Бұл мәселелердің бірқатары алдыңғы кездесуде көтерілген болатын. Бейбіт Исабаевтың айтуынша, 2024 жылы басталатын «Талдықорған - Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының арқасында Сарқан ауданының 18 елді мекені көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алады.

Баспана мәселесіне келсек, Сарқан қаласында қазір 20 пәтерлік үй салынып біткен, наурыз айында пайдалануға беріледі. 60 пәтерлік тағы екі үйдің құрылысы 2024 жылы аяқталады. Бұл ретте облыс басшысы аудан әкімдігіне құрылыс сапасын ерекше бақылауға алуды тапсырды.   

Сол сияқты 2022 жылы М. Төлебаев, Лепсі, Аманбөктер ауылдары мен Сарқан қаласында су жүйелерін ағымдағы жөндеуге жүргізілген. Енді Сарқанның негізгі бастоғанына, Екіаша мен Алмалы ауылдарының су жүйелеріне 2023-2024 жылдары жаңғырту жасалады. Ал аудандағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге биыл 2,3 млрд. теңге бөлініп отыр.

Облыс әкімі Балқаш көлінің жағалауын дамыту бойынша қолға алынатын іс-шараларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, жалпы құны 4,9 млрд. теңге болатын инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысының құжаттамасы дайындалған. Жағалауда ұзындығы 16,3 км болатын су-, электр және кәріз жүйелері қарастырылған.

Әлеуметтік салада да Сарқан ауданында бірқатар шаралар жоспарланған. Мәселен, мұндағы 5 бейімделген мектептің мәселесін  шешу үшін өткен жылдан бастап Бірлік ауылында 120 орындық,  Тополевка ауылында 80 орындық екі мектептің құрылысы басталған. Объектілер маусым айында іске қосылуы тиіс. Ал денсаулық сақтау саласында биыл Бірлік, Ешкіөлмес және Қ.Қазыбаев ауылдарында блокты-модульдік медициналық пункттер орнатылады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 150 млн. теңге бөлінді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Ақтұма, Қарғалы, Төлебаев ауылдарында 3 фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда.

Жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін емхана ғимараты тұрғын үй ретінде қайта жаңартылды, оны жөндеуге жергілікті бюджеттен 81,6 млн. теңге бөлінді.

Мәдениет пен спорт салаларында да құрылыс жұмыстары жоспарға сай атқарылады. Жалпы осы жылы ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға бюджеттен 6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген.

Облыс әкімі 2022 жылдың қыркүйек айындағы кездесуде Сарқан ауданының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелер бойынша атқарылған шараларға тоқталды. Мәселен, Қойлық ауылының жайылымдық жерге мұқтаждығын қанағаттандыру үшін «Март Агро» серіктестігімен келісіліп, 680 га жер ауыл тұрғындарының мал жайылымына қосымша берілген. Қазыбаев ауылына медициналық пункт салу үшін жер телімі дайындалып, медициналық пункт орнатуға облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінді, құрылыс жұмыстарын бастау осы жылдың 2 тоқсанына жоспарланған.

Бейбіт Исабаев сондай-ақ жекешелендірілген «Күншуақ» лагерін жер телімімен бірге мемлекет меншігіне қайтару, зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп ғимаратына жаңа жапсырма корпусын салу, Екіаша, Қойлық ауылдарындағы ауыз су мәселелеріне қатысты қабылданған шаралар жөнінде нақты баяндап берді.

- Жаңа, әділетті қоғам құру үшін ең алдымен билік пен халықтың арасында сенім болуы керек. Ал сенім болу үшін елдің талап-тілегіне құлақ түріп, халықпен тіл табысып, көппен бірге жұмыс істеу керек. Сонда ғана басшының ісі нәтижелі болады. Аудандарда халықпен жиі кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке қабылдаймын, әлеуметтік нысандарды аралап, елмен сөйлесемін. Сонда қойылатын сауалдардың көпшілігі аудан әкімдігі, аудандық мекемелер деңгейінде шешуге болатын мәселелер. Сондықтан жергілікті жерде шешілетін сұрақтарды созбаққа салмай, дер кезінде нақты шаралар қабылдап отыру керек, - деді Б.Исабаев.

Мұнан соң залдан оннан астам сауал қойылды. Мәселен, Сарқанның тұрғыны Әлібек Ербалаев қыста ауыз судың бірнеше күн тоқтап қалатынын, көктемгі-жазғы уақытта лайланып кететінін айтып, осы мәселеге қатысты көмек сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, бастоғанды жаңғырту жұмыстарының ЖСҚ-сы дайын, жуырда мемлекеттік сараптамадан шығады. Егер құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінсе, жөндеуді биыл бастауға болады. Облыс әкімі алдағы бюджетті нақтылау кезінде міндетті түрде бұл мәселені назарға алып, қаржы қарастыру керектігін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырды.

Абай, Бақалы ауылдарының тұрғындары жайылымдық, шабындық жерлердің жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Осыған байланысты Бейбіт Исабаев биылғы жылы ауданда 27 мың гектар пайдаланбаған жер мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отырғанын, ауыл тұрғындарының сұранысына орай жерлер конкурсқа шығарылатынын айтты.

Қарабөгет ауылының тұрғыны Балтабек Әбілқасымов Көксу қант зауыты сарқандықтарға жақын маңнан қант қызылшасын қабылдау пунктін ашса деген тілегін жеткізді. Көксу зауытының басшылығына бұл өтінішті қарастыру туралы ұсыныс айтылатын болады.

Сонымен қатар жастардың жеке ісіне қолдау ретінде берілетін шағын несиелерге қол жеткізу, Черкасск округіндегі дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеу, Қарабөгет ауылынан «Алматы - Өскемен» күре жолына дейінгі жолды, Сарқандағы Абай көшесінің жолын жөндеу, Көктерек ауылындағы Мәмбетов атындағы орта мектептің күрделі жөндеуі және басқа да маңызды мәселелер сөз болды. Черкасск ауылдық округіндегі медицина нысанына осы жылы күрделі жөндеу жасалады, Ал Мәмбетов атындағы мектеп сейсмикалық күшейте отырып, қайта жаңғырту  жоспарында бар. Осы және басқа да мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, тиісті шаралар қабылданатын болады.

Осы күні облыс әкімі аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға жазылған азаматтар Аманбөктер мен Баянбай ауылдарының арасында Басқан өзеніндегі көпірге күрделі жөндеу жасау, аудандағы мәдениет үйлеріне штат бөлу, әлеуметтік дүкендер желісін құру, Аққайың ауылынан Қарғалы ауылындағы М.Тынышпаев атындағы орта мектепке балаларды тасымалдау үшін автобус бөлу сияқты бірқатар мәселелерді көтерді. Аталған мәселелерді тиімді шешу бағытында тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.