Биыл Алакөл ауданына 80 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады

Биыл Алакөл ауданына 80 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады

Биыл Алакөл ауданына 83 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 9,4% артады деп күтілуде. Мұндай нәтижеге ауыл шаруашылығындағы, көлік-логистика мен «жасыл» энергетика салаларындағы іргелі жобаларды іске асырудың арқасында қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл туралы Алакөл ауданының тұрғындарымен өткізген кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Кездесуде баяндама жасаған Бейбіт Исабаев инвестиция тарту бағытына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, ауданда бірнеше ауыспалы ірі жобалар бар. Мысалы, «Ett Dostyk» ЖШС-ның жалпы құны 12,3 млрд. теңге тұратын, 261 жұмыс орнын құратын мультимодульді теміржол көліктік-логистикалық орталығының құрылысы жүргізілуде. Сол сияқты Достық стансысында «Достық Транс Терминал» ЖШС-ның көпфункционалды жүк тиеу терминалы құрылысының 2 кезегі аяқталып, 3-4 кезеңнің жұмыстары басталды, жобаның жалпы құны - 39,6 млрд.тг, 100 жұмыс орнын құрмақ. Оған қоса «DAR RAIL INFRASTRUCTURE» ЖШС-ның жалпы құны 29,0 млрд.теңге болатын, 225 жұмыс орны бар логистикалық паркі салынады.

Сондай-ақ, Достық стансысының жанында осы жылдың сәуір айында қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясының құрылысы басталып, қазан айында жобаны аяқтау жоспарлануда. Жылына 200 млн. КВт/сағат электр қуаты өндіріліп, барлығы 27 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылыс кезінде 160 жұмыс орны ашылады.

Оған қоса ауыл шаруашылығында жалпы 290 млн. теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Инвестиция тарту жағынан аудан облыс көлемінде 25,1% үлесімен 2-ші орында. Өткен жылы 67,7 млрд. теңге қаражат құйылса, биыл бұл көрсеткіш 83 млрд. теңгеге жетеді деп межеленген.

Ауданның өнеркәсіп өндірісінің оң динамикаға шығуына биылғы жылы басталатын «Қазақстан Темір Жолының» ірі жобасы «Достық-Мойынты» теміржол желісінің құрылысы өз септігін тигізетін болады. Бұл ретте «Алакөл-Көмір» асфальтбетон және «Евгей ЛТД» қиыршық тас зауыттарының өндіріс көлемін ұлғайтуға, жобаның құрылысы кезінде 1 мың 600 адамды, іске қосылғанда 340 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.

Жалпы шағын және орта бизнеске келетін болсақ, ауданда 4,7 мың бизнес субъектісі бар, онда 9 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Осы орайда 2022 жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 600 млн. теңгеге 27 жоба қаржыландырылды.

Ауыл шаруашылығына айрықша назар аударылады. 2023 жылы ауданда жалпы егіс алқаптары 85 мың гектар көлемінде межеленген, бұл облыстағы 4-ші орындағы көрсеткіш, соның ішінде майлы дақылдарды егуде 1-ші орында. Биыл қант қызылшасын 500 гектар жерге егу жоспарланып отыр.

Ауылшаруашылық жерлерін суару мұнда әлі де маңызды мәселелер қатарында. Өткен жылы суару желілерінің өткізу қабілетін жақсарту мақсатында 16,8 шақырым су арналарына механикалық тазарту және 49,1 текше метр көлемінде бетон жұмыстары жүргізілді. Жалпы аудандағы суару желілерінің ұзындығы - 1,2 мың км.

«Ислам Даму Банкі арқылы ауданның суару желілерін реконструкциялау жобасының құжаттамаларына тиісті түзетулер енгізілуде, құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастауды жоспарлап отырмыз. Оған 513,1 млн. теңге бөлінді», - деді Б.Исабаев.

Мал шаруашылығында Алакөл өңірінде 74,4 мың бас ірі қара, оның ішінде 33 мыңға жуығы сауын сиыр бар, өткен жылы 45 мың тоннадай сүт өндірілген. Бұл ретте 1,4 мың басқа арналған 3 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, дегенмен ол 622 басқа немесе 46,3  пайызы ғана жүктеліп отыр. Сонымен қатар ауданда айналмалы қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты екі бірдей сүт қабылдау пункті жұмысын тоқтатқан.  Аудандағы 6,5 мың басқа арналған 6 бордақылау алаңы тек 24 пайызға жүктелген, яғни оларда тек 1730 бас ұсталып отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту керек. Картоп пен көкөніс сақтау нысандарын ашу жұмыстары әлі қолға алынбаған. Бұл ретте облыс әкімі аудан әкімдігіне сүт, ет, майлы дақылдарды қайта өндеу мәселесін қолға алуды тапсырды.

Жер қатынастары саласында да түйткілді мәселе көп. Өткен жылы пайдаланбай жатқан 25 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылған, соның 400 га - егістік, 24,6 мың га – жайылымдық жер.

Биылғы жылы пайдаланбай жатқан 27 мың гектар жерді қайтару жоспарланған, бүгінге қайтарылғаны небәрі 1 мың гектар ғана.

Аудан қорында 808,6 мың га босалқы жер жатыр. Дегенмен жер беру конкурсы бір рет қана өткізіліп, онда бар-жоғы 255 га жер берілген. Сол сияқты Алакөл жағалауындағы Ақши демалыс аймағындағы пайдаланбай жатқан 19 коммерциялық жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан бұл жұмыстарды ширату керектігі баса айтылды.

Бейбіт Исабаев өз сөзінде аудан экономикасын дамытуда туристік сала ерекше орын алатынын атап өтті. Алакөл көлінің жағалауында 230 туризм нысаны орналасқан, оның ішінде 2022 жылы 2,5 млрд.теңге сомасына 14 объект пайдалануға берілді. Осы жылы тағы 12 жаңа нысан іске қосылып, 3 млрд. теңгеге жуық ивестиция тартылады. Өткен жазғы кезеңінде көл жағалауына 1,5 млн. адам келіп демалған. Осы жылдың қаңтар айынан бастап «Талдықорған-Үшарал» субсидияланатын әуе рейсі жүзеге асырылуда. Жазғы маусымға қарай Астана, Алматы қалаларынан Үшаралға әуе және темір жол қатынасы жанданады.

Соған қарамастан Алакөл жағалауын дамытуда бірқатар проблемалар әлі де бар. Алакөл көлінің қоршау бөгетін салған  мердігер «Спецстрой компаниясы» ЖШС-мен жасалынған шарт бұзылып, тоқтатылды.  Бірінші кезекте бөгетті салу мен жағалауды нығайту жұмыстарының жоба құжаттары жаңартылып, құрылыс жұмыстары осы жылы жалғасады.

Сонымен қатар көл жағалауындағы кәріз тазарту станциясын салу жұмыстары өткен жылдың қазан айында тоқтатылды. Келісім шартты бір жақты бұзу жөніндегі талап арыз қазір соттың қарауында.

Жағалауда электр желілері мен қосалқы станциялар шамадан тыс жүктелген, бұл бизнестің жаңа және ірі объектілерін қосуға қиындық тудыруда. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін алдағы екі жылда жоғары кернеулі 110 және 220 кВ электр желілері мен қосалқы станцияларын салу жөніндегі жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.

Жаңа «Ақши» қосалқы станциясының құрылысы мен «Ақши-Бескөл» жоғары кернеулі электр желілерін салу жобасы бойынша сараптаманың  қорытындысы сәуір айында шығады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023-2024 жылдар аралығында жүргізіледі. Екінші кезеңде «Көктұма» жаңа қосалқы станциясының құрылысы мен «Көктұма-Ақтоғай» электр желілерін салу жобасы әзірленіп жатыр. Желілер 2024-2025 жылдары салынады.  

Сондай-ақ, спикер 2022 жылдың тамыз айынан бастап Ақши ауылында 67,4 км электр желілері қайта жаңартылып, салынатынын да айтты. Мамыр айында оның құрылысы толық аяқталуы тиіс.

«Бұл жобаларды іске асыру осы өңірде курорттық аймақтарды электрмен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз етеді», - деді облыс әкімі.

Ауданда жол жөндеу жұмыстары да әрі қарай жалғасады. Осы жылы бұл мақсатқа 1,0 млрд. теңге бөлінген. Облыстық маңызы бар 3 шақырым және 13 елді мекенде 12 шақырым ауылішілік жолдар жөнделмек.

Ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылады. Осы орайда өткен жылы Еңбекші және Көкжар ауылдарында 79,7 млн. теңгеге блокты-модульдік медициналық пункттер орнатылды. Биыл Қамысқала ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салуға, Қарлығаш, Байзерек және Ынталы ауылдарында блокты-модульдік медициналық пункттерді орнатуға жергілікті бюджеттен 292,5 млн.теңге бөлінді. Олар осы жылы салынып бітеді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Қайнар, Жанама, Сапақ, Үшбұлақ, Қызылқайың, Ақжар ауылдарында 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және Екпінді, Жайпақ, Бескөл ауылдарында
3 дәрігерлік амбулатория салынады. Осыған байланысты биыл тұрғындардың өтініші бойынша Еңбекші, Достық және Бұлақты ауылдарына 3 санитариялық автомашина сатып алынады, аудандық ауруханаға «Самұрық-Қазына» қорынан бір реанимобиль бөлінді.

Сол сияқты халықты қолжетімді баспанамен, сапалы ауыз сумен қамту, әлеуметтік нысандарды жөндеу мен салу бағытында да тиісті шаралар қабылданады. Мәселен, 2024 жылдың 1-ші жарты жылдығында «Талдықорған - Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталады. Соның нәтижесінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекені газға қосылады. Соның ішінде Алакөл ауданының 22 ауылы да енеді.

Облыс басшысы 2022 жылдың қыркүйек айында аудан тұрғындарымен өткізген кездесуі кезінде көтерілген проблемалық мәселелер бойынша атқарылған шараларға да тоқталып өтті. 

Бүгінгі күні 17 сұрақтың 9-ы шешімін тапты, 8  мәселе бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Мәселен, Үшарал қаласы тұрғындарының сұрауы бойынша «Тарлан» спорт кешенінің жанындағы республикалық трассада бағдаршам орнатылып, үйлерге дейін жарықтандырылған тротуар төселді,  аумаққа маршруттық автобус қызмет көрсете бастады.

«Қаладағы орталық жылыту қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 жаңа жылу қазандығы орнатылған. Оған облыстық бюджеттен 92,8 млн. теңге бөлінді. Дегенмен жаңа нысандардың қосылуына байланысты орталық қазандықты қайта жаңарту қажет. Ол үшін осы жылға республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қарастырылды, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Келесі жылы қайта жаңарту жұмыстары бітеді», - деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Сондай ақ, Қабанбай ауылындағы мәдениет үйінің тозығы жеткен бір қазандығы алмастырылды, екіншісі ауыстырылу үстінде.

Өткен кездесуде айтылған Бескөл ауылдық округінің де бірқатар проблемалары шешілді. Атап айтқанда, ауылдағы балалар спорт алаңының құрылыс жұмыстарына,  стансыдағы Достық көшесін жарықтандыруға жалпы 32 млн. теңге жергілікті бюджеттен бөлініп, осы жылдың маусым айында іске қосылады. Сол сияқты әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға байланысты Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Үйгентас», «Тоймарт», «Қазақстан», «Искорка» - 4 сауда орнымен келісімшартқа отырған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Кездесу соңында Бейбіт Исабаев тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.