Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді. Онда тұрғындар негізінен тұрғын үй, кәсіпкерлікті қолдау, денсаулық сақтау, бұқаралық спортты дамыту сынды өзекті мәселелерге қатысты жүгінді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Қабылдауға келген Панфилов ауданының тұрғыны Мұхтар Ақынов асыл тұқымды қой өсірумен айналысып отырғанын айтып, малшыға төленетін жалақыны ішінара субсидиялауға көмек сұрады. Сол сияқты мал фермасына электр жарығын тартуға қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді. Бұл жөнінде облыс басшысы малшының белгіленген жалақысының жартысын «Күміс жас» жобасы аясында қарастыруға болатынын айтты. "Ал жеке кәсіпкердің фермасына мемлекет қаржысына электр сымы тартылмайды, дегенмен аудан әкіміне қолдау шараларын жан-жақты қарастырып көруді тапсырамын", - деді Б.Исабаев.
Сауда-саттық кәсібімен айналысатын талдықорғандық Мағира Сағимова кәсібін кеңейтуге мемлекеттік грант сұрады. Бұл мәселеге қатысты М.Сағимоваға кеңес беріп, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға қажетті құжаттар жайын түсіндіру облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысына тапсырылды. Сонымен бірге О.Әбиева Жұмыспен қамту орталығы арқылы меңгерген массажист кәсібіне сай жұмыс табуға көмек сұраса, Т.Дауылбаев та өзінің денсаулық жағдайына сәйкес келетін кәсіби білім алу мүмкіндіктерін қарастыру жайында өтініш білдірді. Осы мәселелерге орай денсаулық сақтау және білім басқармаларына нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ қабылдау барысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу, санаторлық-курорттық ем қабылдау, балаға жасалатын операцияға қолдау таныту, аулалық футбол клубтарын жандандыру, қаладағы спорттық нысандардың жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты бірқатар маңызды мәселелер де сөз болды. Көтерілген өтініш-сауалдардың барлығы заң аясында қаралып, олардың шешіміне қатысты тиісті аудандар мен облыстық басқармаларға айқын міндеттер жүктелді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.