Жетісулықтар мемлекет грантының арқасында жеке бизнестерін бастады

Жетісулықтар мемлекет грантының арқасында жеке бизнестерін бастады

Жетісу облысының 750-ге жуық тұрғыны кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өтеусіз гранттар алып, өз ісін ашты. Олар бизнестерін бастап қана қоймай, жерлестерін тұрақты жұмыс орындарымен қамтыды. Осы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша барлығы 26 851 жұмыс орны құрылды, оның 13 016-сы тұрақты жұмыс орны, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Текелі қаласының тұрғыны, І топтағы мүгедек Мэлс Мұратбеков 4 жылдық үзілістен кейін өзінің жеке стоматологиялық клиникасын қайта іске қосуға мүмкіндік алды. Он жыл көлемінде осы іспен айналысып келген ол соңғы жылдарда тіс емдеу кабинетін денсаулық жағдайына байланысты жабуына тура келген. Дегенмен 1 225 200 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, осы қаржыға тиісті құрал-жабдық сатып алып, өз бизнесін қайта жалғастырды. Сөйтіп өткен жылғы жаздың соңында стоматологиялық қызмет көрсетуді жандандырды.

- Мамандығым - стоматолог-ортопед. Осы салада 90-шы жылдардан бері еңбек етемін. Әрине, қазір талаптар өзгерді, жаңа құрал-жабдықтар шықты, сондықтан уақыт талабына ілесіп жұмыс істеу керек. Мемлекеттік гранттың арқасында керамиканы күйдіретін стоматологиялық вакуум электр пешін сатып алдым. Онда металл-керамика тістері дайындалады. Оған қоса, бизнес жүргізудің жай-жапсарын үйрендім. Айтпақшы, осындай мемлекеттік бағдарлама бар екенін әлеуметтік желіден оқып білдім. Одан кейін қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес алдым. Екінің бірінің несие алуға, оны қайтаруға мүмкіндігі бола бермейді, оның үстіне үстемесімен қосып қайтару бизнесін жаңа бастаған адамға оңай емес. Сондықтан қайтарымсыз грант мемлекеттік қолдаудың тиімді түрі деп есептеймін – деді М. Мұратбеков.

Кәсіпкер стоматология саласында қызмет түрін қолжетімді бағада ұсынуға басымдық беріп отырғанын айтады. Мұнда мамандар терапевтік және ортопедиялық қызмет көрсетеді, кейде тісі ауырып, жаны қысылып келген пацинеттің жағдайын түсініп, тісін тегін жұлып беретін кездері де болады.

- Текелі тұрғындарының табысы оншалықты көп емес, сондықтан біз көрсететін қызметтердің барлығының құны барынша қолжетімді болуына мән береміз. Өз тәжірибеме сүйене отырып, диагностикадан бастап қажетті емге дейінгі процестің бәрін толық қадағалаймын. Біздің мамандарымыз білікті, олардың өз тұрақты клиенттері бар, әзірге ешқандай шағым түскен жоқ. Менімен қосқанда төрт маманбыз. Қатарымызда жастар да бар. Жұмыс істеймін деген адамға кез келген уақытта мүмкіндік табылады, тек ниет болса болғаны, - дейді Мэлс Ғабдулнұртұрарұлы.

Моноқаланың тағы бір тұрғыны балаларға массаж жасайтын және дамытатын «Baby land» орталығын ашты. Жайна Қанатқызы бизнесін 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың көмегімен бастаған. Ол да «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, бизнес-жоспарын қорғап шыққан.

Өткен жылдың желтоқсан айында ашылған орталықта логопед қызмет көрсетеді, дамыту сабақтары топпен және жеке де жүргізіледі, балаларға қажетті массаждың барлық түрлері жасалады, сол сияқты қажет болса мұндағы мамандар бала күтушілігіне сағаттап қызмет көрсетеді.

- Өзім мұғалімдік мамандықты оқығанмын. Балаларға арнап білім беру орталығын ашу туралы біраздан бері ойлап жүрген едім. Бала күтімімен үйде отырған кезімде балама массаж терапевтінің қызметін табу біршама қиындық туғызды. Яғни ол үшін Талдықорғанға бару керек болды, құны да арзан емес. Сондықтан менің орталығымда міндетті түрде балалар массажының қызметтері көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманым шындыққа айналды, - дейді жас кәсіпкер.

Жайна Қанатқызының айтуынша, орталықта балалар массажымен 12 жыл тәжірибесі бар маман айналысады. Мұнда негізінен 1 жасқа дейінгі сәбилерді әкеледі. Егер қандай да бір медициналық көрсетілімі немесе нақты диагнозы болса, 3-тен 5 жасқа дейінгі балаларды да қабылдайды. Орта есеппен массаждың 1 сеансының құны 2500 теңге мен 3500 теңгенің аралығында. Кәсіпкердің өзі де сырт қалмай, балаларға арналған түрлі дамыту сабақтарын жүргізеді. Әр топта бала саны сабақтың түрі мен мақсатына қарай 2-ден 6 балаға дейін жетеді.

- Орталықты одан әрі кеңейту үшін бізге балалар психологы мен дефектолог қажет. Бірақ әзірге таба алмай отырмыз. Жалақысы шамамен 100 мың теңге. Бізде жұмыс істеуге ниеті бар адам болса, Жұмыспен қамту орталығы арқылы жүгінуге болады. Көп ұзамай жақсы мамандар табамыз деп үміттенемін. Әзірге ғимаратты жалға алып отырмыз, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтар сатып алдық. Екі айдың ішінде орталығымыздың жұмыс істейтінін жергілікті тұрғындар жақсы біліп қалды. Жерлестерімізге бізге сенім білдіріп, қолдау танытқандары үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Біз өз ісімізге жауапкершілікпен қараймыз, өйткені балалардың денсаулығы - ең маңызды мәселе, - дейді Ж. Қанатқызы.

Текелі қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Жасұлан Қапалов өткен жылы Текелі қаласы бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 21 өтінім мақұлданғанын айтты, бұл ретте жалпы сомасы 25 725 000 теңге өтеусіз гранттар берілген. Оның ішінде 10 грантты халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, 10 грантты жастар алыпты. Іске асырылған жобалардың қатарында сұлулық салоны, стоматология, балалар массажы орталығы, автоэлектрик қызметтері және т.б. бар.

Жалпы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының дерегі бойынша, Жетісу облысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның басқа бағыттары шеңберінде өтеусіз мемлекеттік гранттар мен 5 млн.теңгеге дейінгі гранттар беріледі. Соның арқасында 595 млн. теңге сомасына 125 жоба мақұлданып, оларда 393 жұмыс орны құрылған.

Бұл ретте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында барлығы 4 244 адам оқуға жіберіліп, онлайн оқуға 1512 адам бағытталған. Соның 2990-ы оқуды аяқтады, қалғандары енді бітіреді, қайтарымсыз грант алғандар саны - 617 адам. Оларға жалпы сомасы 740 млн. теңге берілген, соның нәтижесінде 700 жұмыс орны құрылған. Жалпы өңірде Ұлттық жоба аясында 2023 жылдың 1 қаңтарға жұмыспен қамтудың түрлі шараларына 32 мыңға жуық адам тартылған, 24 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған, соның ішінде 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Атап өтсек, қазіргі кезде өңір экономикасының 41%-ы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді. Бұл салада өңір халқының үштен бірі еңбек етуде.

 Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.